Павлодарда Қаныш Сәтбаев туралы естелік кітабы жарық көреді
Кітаптың тұсауы академиктің мерейтойына арналған іс-шарада кесіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
16 тамыз күні сағат 10:00-де Достық үйінде «Академик Қ.И.Сәтбаевтың феномені: кеше мен бүгін» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді. Аталмыш шара Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған.
– Казіргі таңда жаңа Қазақстанды құру жолында біз ата-бабаларымыздың жолымен жүріп, олардың жасаған ісін жалғастырып, адамгершілік, жауапты, өз бетінше ойлайтын, шығармашылық азаматтарды тәрбиелеу маңызды болып табылады. Атақты жерлестеріміз, ғалымдар, академиктер, өнер майталмандары, ғылыммен мәдениеттің дамуына баға жетпес үлес қосты. Әлемге танымал, Қазақстанның Ғылым академиясының негізін салған, өнеркәсіптің дамуына үлкен үлес қосқан академик Қаныш Сәтбаевтың атқарған жұмысын насихаттаумен зерттеуін жалғастыру – ғалымдармен тарихшылардың қызметі болып табылады, – дейді конференция ұйымдастырушылары – Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи өлкетану музейі.
Конференцияға ғалымдар, Қазақстан жоғары оқу орындарының оқытушылары, зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар қатысады. Конференция барысында «Қ.И. Сәтбаев Халықаралық қоры» дайындаған ұлы ғалым туралы естелік кітабының тұсаукесері өтеді.
Сонымен қатар «Қаныш ізбасарлары» жас ғалымдар арасында өткен конкурс жеңімпаздарына гранттар табысталады.