Павлодарлықтар ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерді жаңғыртуды көздейді

Павлодарлықтар ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерді жаңғыртуды көздейді
Фото: жасанды интеллект

Бабаларымыз «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп бекер айтпаса керек-ті. Десе де, бұрынғы ғұрыптардың арасында тәрбиелік мәнін әлі де жоғалтпағандары жетерлік. Ұмыт болса, ұлттық тәрбиеде алатын орны ерекше бірнеше дәстүрді @Pavlodarnews.kz тілшісі зерделеп көрді.

Тәуелсіздік жылдарында ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға басымдық берілгенімен, кейбір көне ғұрыптар қазіргі отбасылардың өмірінде өз орнын жоғалта бастады. Облыстық Аналар кеңесінің және «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Ел анасы» құрметті атағының иегері Бақытжамал Максилованың айтуынша, сондай салттардың бірі – бәсіре.

Бұл дәстүр бойынша бала дүниеге келгенде нағашы жұрты оған арнайы мал атап, сыйға береді. Бала бес жасқа толғанда сол малды өзіне табыстап, бәсіре тойын өткізген.

– Бәсіренің тәрбиелік мәні зор. Бала өзіне берілген малды бағып, жем-шөбін беріп, күтім жасауды үйренеді. Осы арқылы кішкентайынан еңбекқорлыққа баулиды. Кейін бала сүндетке отырғызылғанда, сол жылқысына мініп, ел аралатып, мұсылман болғанын жариялайды, – деді төрайым.

Оның сөзінше, қазір бәсіре беру ғұрпын жалғастырып жүрген отбасылар аз. Бұрын әулет келіндері бас қосатын абысын асы да сирек ұйымдастырылады. Кезінде абысындар жылына бір-екі рет жиналып, ортақ мәселелерді талқылап, бала тәрбиесі мен отбасы тіршілігіне қатысты тәжірибе алмасқан.

Бақытжамал Максилова мұндай өзгерістерге заманауи өмір салты мен әлеуметтік желілердің де ықпалы бар екенін айтады. Оның пікірінше, блогерлер мен қоғам белсенділері ұлттық ғұрыптарды жастарға түсінікті әрі мәдениетті түрде насихаттауы қажет.

Қоғам қайраткері ұлттық мұраны сақтаудың негізі отбасынан басталатынын атап өтті. Әр шаңырақ өзі үшін маңызды салттарды кейінгі ұрпаққа үйретуге көңіл бөлгені жөн. Бұл ретте мектеп пен ұстаздардың да жауапкершілігі зор.

– Бала ең алдымен отбасына қарайды. Одан кейінгі үлгі алатын адамы – ұстазы. Біз мектепте мұғалімнің жүріс-тұрысына, киім киісіне, сөйлеу мәнеріне қарап өстік. Сондықтан үлкендердің әрбір сөзі мен әрекеті жас ұрпаққа үлгі болуы керек, – дейді төрайым.

«Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінде осы бағытта «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бақытжамал Максилова ұлттық құндылықтарды жаңғырту жұмысы қоғамдық ұйымдармен шектелмей, білім беру мекемелерінің тәрбие және ғылыми бағыттарында да жалғасын табуы тиіс деп санайды.

Оның айтуынша, жастардың ұлттық мұраға қызығушылығы бар. Сондай-ақ олардың бастамаларын қолдап, ұмытылып бара жатқан ғұрыптардың мәнін түсіндіретін жобаларды көбейту маңызды.