Қасқыр алатын, қоян қуатын. Павлодарда тазы көрмесі өтті

Қасқыр алатын, қоян қуатын. Павлодарда тазы көрмесі өтті
Фото: Константин Шелков

Көрмеге түрлі жас санатындағы ондаған тазы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Республика күніне орай ұйымдастырылған көрмеде қазақтың ұлттық тұқымы – тазының сұлулығы таныстырылды. Шара ұлттық мұраны кеңінен насихаттау бағдарламасының бір бөлігі болды.

– Қатысушылар үш санат бойынша ұсынылды: күшіктер, жас иттер және ашық санат. Шақырылған сарапшы төреші ретінде Алматыдан келген маман Батырхан Жақып қатысты. Иттер тұқым стандарттарына сәйкес бағаланады. Құжаттары жоқ тазылар да сараптамалық сипаттама мен баға ала алады. Жоғары баға алған иттерге тұқымдық құжат рәсімдеуге мүмкіндік бар, – деп түсіндірді «Альянс» өңірлік кинологиялық федерациясының президенті Дана Сейітханова.

Новочерноярка ауылының тұрғыны Александр Шкробко көрмеге бірден сегіз асыл тұқымды итін алып келді. Оның айтуынша, ол жеті жылдан астам уақыттан бері тазы тұқымын өсірумен айналысады. Бұл иттер сыртқы ерекшеліктерімен қатар, аңшылық қабілетімен де танымал. Олар қоян және басқа да жүйрік жануарларды ұстай алады.

– Қасқыр алатын, қарсаққа, түлкіге және қоянға түсетін иттер бар. Қоянды олар жетуі қиын жерлерде, тау, қамыс арасында қуады. Бірақ ондай жерде олжаны ұстап ала алмайды, тек далада ғана алады, – деді көрмеге қатысушы.

Ол иттердің аңшылық қасиеттерін дамыту және тексеру үшін әдейі күрделі жағдайлар жасайтынын айтты.

Сондай-ақ Александр Шкробко аңшылық билетін рәсімдегенін және қоян, түлкі мен басқа да рұқсат етілген жануарларды аулау үшін қажетті құжаттар мен лицензияларды алуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Саятшының  иелігінде 20-дан астам ит бар. Қазақ тазыларының түсі ақшылдан қою түске дейін әртүрлі болады. Олардың арасында ақ, сары және сұр түстілері де кездеседі. Қатысушының айтуынша, иттің түсінен гөрі тұқымға тән қасиеттерін сақтау маңызды. Бұл бағытта мақсатты түрде сұрыптау жұмысын жүргізу қажет.

Көрме ұйымдастырушылары қазақ тазысын одан әрі кеңінен насихаттаудың маңызын атап өтіп, қала әкімдігі тарапынан осындай іс-шараларға қолдау жалғасады деген үміт білдірді.