Екібастұздан шыққан бір топ адам велосипедпен Мәшһүр Жүсіп кесенесіне бармақ
Топты ақын, жазушы Жұмағали Қоғабай бастайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласы әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің мәліметінше, жастар, белсенді азаматтар мен спорт жанкүйерлері 2024 жылдың 28 шілдесі күні таңғы сағат 4:00-де велосипедпен Екібастұз – Ескелді бағытындағы қасиетті мекен Мәшһүр Жүсіп кесенесіне дейін 75 шақырым қашықтықты бағындыруға бел байлаған. Сол жерде «Сәтбаевтар әлемі» атты кітап Мәшһүр Жүсіп мұражайына табысталады.
– Биыл Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкен Айманов және басқа да көрнекті тұлғалардың туған күндері мемлекеттік деңгейде аталып өтуде. Жуырда ақын, жазушы Жұмағали Қоғабай Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай веложорықпен атап өтейік деген ұсыныс жасады. Бұл ұсынысты Екібастұз қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев бастаған депутаттар да қолдады, – дейді бөлімде.
Мамыр айында «АМАNАТ» партиясының Екібастұз қаласындағы филиалының қолдауымен жазушының Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай жазылған «Сәтбаевтар әлемі» және «Сақ дәуірімен сабақтас оқиғалы оюлар» атты кітаптарының таныстырылымы өткен.
Айта кетейік, Жұмағали Қоғабай Екібастұз қаласының Құрметті азаматы, 2017 жылы Екібастұз қаласында өткен 20 шақырымдық жаяу жарысқа, 2018 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 125 жылдығы қарсаңында өткен 25 шақырымдық дуатлонға қатысушы.