Павлодарда домбырашылар кемеде концерт қояды

Павлодарда домбырашылар кемеде концерт қояды
Фото: Константин Шелков

Бұл шара домбыра күніне орай ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Самал Саменова мәлім етті.

 – Облыс бойынша Астана күніне орай 250-ден астам іс-шара жоспарланды. 4-5 шілде күндері облыстың музейлерінде көрме, фото көрме, өлкетану сабақтары ұйымдастырылады, – дейді спикер.

6 шілде күні Павлодар қаласында осы күні сағат 15:00-де Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Астанам! Ару қалам, асқақ ордам!», сағат 19:30-де Ertis Promenade сахнасында «Елорда әуені» - Елорда күніне арналған қазақ эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен «OPEN AIR» мерекелік концерті өтеді. Ал Екібастұз қаласында сағат 11:00-де «Өнер» қалалық Мәдениет сарайының алаңында «Менің сүйікті Астанам» атты мерекелік концерті, Ақсу қаласында сағат 19:00-де Орталдық Мәдениет және демалыс саябағында «Жайнай бер, Астанам» атты мерекелік концерт ұйымдастырылады.

 – Ал ұлттық домбыра күніне орай 200-ден аса іс-шара өтеді. «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының ұйымдастыруымен елімізге, өңірімізге  танымал айтыскер ақындар, дәстүрлі әншілер мен күйшілердің қатысуымен осы күні «Күмбірле, қоңыр домбыра» жылжымалы мәдени іс-шара жоспарланған, – дейді Самал Саменова.

Сағат 09:30 бастап жаңа көпірден бастап Домбыра керуені маршрут бойынша жүреді. Олар Назарбаев даңғылы, Торайғыров, Сәтбаев көшелерімен жүріп өтетін болады. Усолка шағын ауданына барған соң іс-шара аяқталады.

Екібастұз қаласында«Бабамыздың үнісің сен домбыра» концерттік бағдарлама сағат 11:00-де Атамұра мәдени орталығының алаңында өтеді.

Ақсу қаласында Ұлттық домбыра күніне орай «Қасиетті Домбыра» атты челенджі сағат 19.:0-де С.Дөнентаев Мәденит сарайы мен Мәдениет және демалыс саябағында өтеді.

Павлодар қаласыныңЕстай атындағы мәдениет сарайының «Әл-Әки» фольклорлық ансамблі сағат 14:00-де Өзен вокзалындағы кемеде жеке концерттік бағдарламасы ұсынылады.

Негізгі іс-шара кешкі сағат 19:00-де Ertis Promenade сахнасында жоспарланған.

Концерттік бағдарлама барысында белгілі күйші Рүстембек Омаровтың 105-жылдығына орайИ. Байзақов атындағы облыстық филармонияның Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, көркемдік жетекшісі, әрі бас дирижер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткеріТалғат Кәрімовтің жетекшілігімен және филармония мен «Шаңырақ» орталығы әртістерінің қатысуымен «Домбыра - Дастан» атты мерекелік концерті өтеді.