Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентімен кездесті
Фото: Ақордадан

Кездесу Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммиті аясында жүзеге асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, тату көршілік және одақтастық рухындағы көпжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Ресей басшысының айтуынша, дауыс беру нәтижесі Қазақстан Президентінің елді одан әрі дамытуға, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, экономиканы ілгерілетуге және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық бағытына кең қолдау бар екенін көрсетті.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауы үшін Ресей Президентіне алғыс айтып, Қазақстандағы конституциялық реформа аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

– Қазақстанды жаңғырту үдерісі ұлттық мүддемізге сай жалғаса береді. Аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуге мүлдем болмайды. Біз мұны жақсы түсінеміз. Ең алдымен, халқымыздың келешегін ойлауымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент екіжақты ынтымақтастық мәселесіне де тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапарының табысты әрі тарихи маңызға ие болғанын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта екі ел үкіметтері қол қойылған келісімдерді жүзеге асыруға кіріскен. Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстар қарқынды дамып, өзара тауар айналымында өсім байқалып отыр.

– Ресей біздің басты инвестициялық және сауда серіктесіміз болып қала береді деп ойлаймын. Бұл үдерісті барынша қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.