Елімізде «Мейірімді Қазақстан» қайырымдылық акциясы басталды
Игі бастама қоғамда өзара көмек пен жанашырлықты арттыруға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының жастар бастамаларын дамыту орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, акция аясында алдағы 10 күн бойы республика бойынша түрлі әлеуметтік бағыттағы іс-шаралар өткізу жоспарланған. Атап айтқанда:
- 22 желтоқсанда қарттардың ауласын қардан тазарту жұмыстары жүргізілді (оңтүстік өңірлерде – тазалық жұмыстары);
- 23 желтоқсанда коммуналдық сала қызметкерлеріне ыстық шай мен тағам үлестіріледі;
- 24 желтоқсанда ардагерлерді Жаңа жылмен құттықтау шаралары өтеді;
- 25 желтоқсанда еріктілер донор болып, қан тапсырады;
- 26 желтоқсанда мұқтаж жандарға азық-түлік себеттері жеткізіледі;
- 27–28 желтоқсанда балалар мен қарттар үйлерінде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады;
- 29 желтоқсанда тұрғын үйлердің аулаларында қардан мүсіндер жасалады;
- 30 желтоқсанда жолаушыларға тегін тасымал көрсетіледі;
- 31 желтоқсанда «Бір арман» акциясы аясында балалардың тілектері орындалады.
Айта кетейік, акция Шығыс өңірінен бастау алып, еліміздің барлық аймағын қамтиды. Ұйымдастырушылар қазақстандықтарды игі іске белсенді атсалысуға шақырады.