Investing.com: Қазақстанға сенім инвестициялық артықшылыққа айналды
Жаһандық сараптамалық Investing.com платформасында Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне арналған «Trust Becomes the New Capital as Kazakhstan Climbs 17 Places in Global Investor Risk Rankings» мақаласы жарық көрді. Авторлар елдің әлемдік рейтингтердегі позициясын нығайтып, экономиканы әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы реформаларын жоғары бағалаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда инвесторлар үшін тек табиғи ресурстар мен жеңілдіктер емес, мемлекеттік институттардың сапасы, экономикалық тұрақтылық және саясаттың болжамдылығы маңызды факторға айналды.
Қазақстан осы бағытта оң нәтижелер көрсетіп отыр. Жылдың алғашқы жартысында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9,6 пайызға өсіп, 20 млрд доллардан асты. Жеке инвестициялар көлемі 21 пайызға артқан. Сонымен қатар Safest Countries for Investors 2026 рейтингінде Қазақстан 17 саты жоғарылап, 70-орыннан 53-орынға көтерілді.
Мақалада Қазақстан экономикасының құрылымы өзгеріп келе жатқаны атап өтіледі. Бұрын тау-кен саласы негізгі өсім драйвері болса, бүгінде қайта өңдеу, құрылыс, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және цифрлық секторлар қарқынды дамуда. 2025 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өскен.
Investing.com авторлары Қазақстанның негізгі артықшылықтары ретінде Орталық Азиядағы ірі экономика екенін, тиімді географиялық орналасуын және макроэкономикалық тұрақтылығын атап өткен.
Сондай-ақ мақалада Қазақстанның инвестициялық саясаты сапалы капитал тартуға бағытталып отырғаны жазылған. Мемлекеттік қолдау тетіктері, инвестициялық келісімдер және цифрлық платформалар инвесторларға жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Халықаралық рейтинг агенттіктері де Қазақстанның инвестициялық сенімділігін растап отыр. Fitch Ratings Қазақстанға BBB деңгейін тұрақты болжаммен берсе, S&P Global Ratings және Moody's те елдің кредиттік әлеуетін оң бағалаған.
Авторлардың айтуынша, қазіргі әлемдік экономикада сенім капиталдың маңызды бөлігіне айналды. Қазақстан тұрақтылық пен жаңа өндірістік мүмкіндіктер арқылы халықаралық инвесторлар үшін тартымды бағыттардың бірі болып отыр.