Қазақстанның егемендік тарихында павлодарлықтардың да қолтаңбасы бар
Мемлекеттік егемендік туралы құжат елдің болашақ тәуелсіздігінің құқықтық негізін қалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдады. Құжатта аумақтық тұтастық, экономикалық дербестік, ұлттық мәдениет пен тілді дамыту қағидаттары бекітілді.
Павлодар облысы мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Надежда Кубиктің айтуынша, декларация қабылданар алдында оның жобасы қоғамда қызу талқыланды. Республика тұрғындары мемлекеттік құрылым, тіл саясаты және экономиканы дамыту мәселелері бойынша өз ұсыныстарын білдірді.
Талқылауға павлодарлықтар да белсенді қатысты. Атап айтқанда, 1990 жылғы 8 қазанда Павлодар қаласындағы Индустриялық аудандық халық депутаттары кеңесінің президиумы декларация жобасын қарап, оның негізгі ережелерін қолдады.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде өңірдің мүддесін академик Жабайхан Әбділдин, партия қайраткері Масхұт Дүйсембаев және Павлодар алюминий зауытының директоры Игорь Прокопов қорғады.
- Тарихи құжатты қабылдау ұзаққа созылған пікірталастармен қатар жүрді. Депутаттар мемлекеттік басқару, жер қатынастары және экономикалық егемендік мәселелеріне қатысты ережелерді жан-жақты талқылады. Нәтижесінде 17 баптан тұратын декларация қабылданды, - дейді Надежда Кубик.
Бір жылдан сәл астам уақыт өткен соң, 1991 жылғы 16 желтоқсанда осы құжатта бекітілген қағидаттар негізінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.
Павлодар облысының тумалары жас мемлекеттің кейінгі дамуына да елеулі үлес қосты. Маңызды кезеңдердің бірі – астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру.
Павлодар облысының тумасы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген сәулетшісі Қалдыбай Монтахаев жаңа астанадағы маңызды мемлекеттік нысандарды, соның ішінде Президенттің «Ақорда» резиденциясын, үкіметтік ғимараттар мен дипломатиялық кешенді жобалауға қатысты.
Тағы бір павлодарлық Николай Макиевский Ақмолаға жоғары және орталық мемлекеттік органдарды көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссияны басқарды. Ол астананы көшіруге байланысты ұйымдастыру жұмыстарын үйлестірді.
Надежда Кубиктің айтуынша, Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның одан әрі дамуын айқындаған ауқымды өзгерістерге жол ашты.
Бүгінде Республика күні елдің дербестік пен егемендік жолын таңдағанын бейнелейтін жалғыз ұлттық мереке болып қала береді.