Баянауылдық спортшы асық атудан Азия чемпионы атанды

Баянауылдық спортшы асық атудан Азия чемпионы атанды
Фото: Tabigatym

Жарысқа әлемнің 12 елінен келген спортшылар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облысының асық ату спорты бойынша аға жаттықтырушысы Қалибек Қуанның айтуынша, Түркістан шаһарында өткен ересектер арасындағы асық ату спорт түрінен Азия чемпионатында Баянауыл ауданы Егіндібұлақ ауылының тумасы Қабылда Қуаныш бірінші орынды иеленіп, облысымыздың рухын асқақтатты. Ол үш жыл көлемінде дайындалып, осы уақыт ішінде бірқатар ірі жетістіктерге жеткен.

– 2023 жылы шәкіртіміз Қазақстан Республикасының күміс жүлдегері болды. 2024 жылы ел чемпионы және Әлем кубогының жеңімпазы атанды. Биыл Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері әрі Азия чемпионы атанып отыр, – деді аға жаттықтырушы Қалибек Қуан.

Аталған жарысқа Азия құрлығы мен оған іргелес өңірлерден келген 12 елдің ұлттық құрамалары қатысты. Олар: Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Моңғолия, Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістан және Әзербайжан. 

– Финалда ойын басында біраз толқу болды. Қарсыласқа мүмкіндік берді, бірақ соңында өз қателіктерін түзетіп, нақты ойын көрсетті. Мінезі байсалды, сабырлы, алайда ойын кезінде ерекше жігер танытты, – дейді бапкер.

Бапкердің сөзінше, асық ату ойынында 15 асық тігіп ойналады, әр ойын 10 минутқа созылады. Кім сегіз асықты бұрын атып түсірсе, сол жеңімпаз деп танылады. 

– Қазіргі таңда асық ату ойынына қатысатын ер балалар көбейіп жатыр. Оларды мен бес жасынан бастап дайындап, жеті жасынан жарыстарға қатыстыра бастаймын. Қазіргі таңда мен 100-ден астам шәкірт тәрбилеудемін, – деді Қалибек Қуан. 

Қалибек Қуанның айтуынша, қазіргі уақытта спортшы желтоқсан айының басында Ақтөбе қаласында өтетін Әлем кубогына дайындалып жатыр.