Ақсу қаласында тұрғындардың сайлау мәдениеті артып келеді
«KAISAR-KZ» қоғамдық бірлестігі осы бағытта ауқымды істер атқаруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2026 жылғы наурыз-тамыз айлары аралығында Ақсу қаласында тұрғындардың сайлау мәдениетін арттыру, электоралдық сауаттылығын жетілдіру және азаматтық белсенділігін дамыту бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Аталған іс-шаралар Ақсу қаласының «Ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысы аясында жүзеге асырылып жатқан «Ақсу қаласы тұрғындары арасында электоралдық мәдениетті арттыру және демократиялық негіздерді нығайту жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыру» тақырыбындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ұйымдастырылды.
«KAISAR-KZ» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырып отырған жоба аясында электоралдық жастағы азаматтарға арналған 30 семинар-тренинг өткізілді. Кездесулер барысында қатысушылар сайлау құқықтары мен міндеттері, сайлау заңнамасының негізгі қағидалары, саналы таңдау жасаудың маңызы және азаматтық жауапкершілік мәселелері бойынша пікір алмасты. Ал семинарлар барысында тұрғындарға сайлау процесіне қатысудың маңыздылығы түсіндіріліп, азаматтардың өз құқықтарын білуі мен қоғамдық өмірге белсенді араласуының мәні кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар, қоғамдық пікір көшбасшыларымен және әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдерімен 30 диалог алаңы ұйымдастырылды. Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесулерде қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, көкейдегі сұрақтарын қойып, ұсыныстары мен пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды. Мұндай кездесулер тұрғындардың қоғамдық мәселелерге деген қызығушылығын арттырып, азаматтар арасында өзара пікір алмасу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.
Жобаның басты мақсаты — тұрғындардың құқықтық және электоралдық сауаттылық деңгейін арттырумен қатар, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал ету. Сайлау мәдениетінің жоғары деңгейі азаматтардың өз таңдауына жауапкершілікпен қарауына, сайлау құқықтарын тиімді пайдалануына және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Өйткені демократиялық қоғам өз құқықтарын білетін, ақпаратты саралай алатын, саналы таңдау жасайтын және өз қаласы мен елінің өміріне бейжай қарамайтын азаматтан басталады.
Серіктестік материал
Мақала авторы: «KAISAR-KZ» қоғамдық бірлестігі
Куәлік сериясы: №14-000004
Берілген күні: 2026 жыл 13 наурыз
Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясы