Павлодар жағажайында қырық «ақылды» камера толығымен іске қосылмады
Бүгінде оның төртеуі ғана жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Павлодар жағажайында төрт «ақылды» камерасы жұмыс істейді. Алайда жоспар бойынша 40 камераны орнату көзделген еді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Олег Трещев камералардың орнатылмаған себебін айтты.
– Қала әкімдігі әлі күнге дейін баға жеткізушімен келісе алмады. Сол себепті бейнебақылау камералары әлі де пилоттық режимде жұмыс істеуде,–деп атап өтті Олег Трещев.
Бүгінде жұмыс істейтін төрт камера қалқымалардан асып өткендерді анықтады.
– Суда 57 бұзушылар тіркелді, оның ішінде 50 скутерші адамдар жүзетін жерге кіруі, ал жеті адам қалтқымадан асып жүзген болатын, – деді спикер.
Олег Трещев демалушылар камера сигналдарын елемейтінін атап өтті.
– Әркім әр түрлі әрекет етеді: біреулер кешірім сұраса, енді біреулері қалтқымадан асып түсуді батылдық деп санайды. Өкінішке орай, бізде айыппұл салуға құқық жоқ, – деді спикер.
Айта кетейік, 16 маусымда Павлодардың орталық жағажайында Алматыдағы Сайран көліндегі жобаға ұқсас «ақылды» камералар жүйесі іске қосылған еді.
Фото:Константин Шелков