150-дің орнына 300 бала: Лагерьлерде қандай кемшіліктер анықталып жатыр
Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова санитариялық қызметтер балалар демалатын лагерьлерде қандай кемшіліктерді анықтағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әлеуметтік желілерде лагерьлердің қызметі туралы түрлі ақпараттың пайда болуын ескере отырып, прокурорлар осы насандарды тексеруге кірісті. Біздің аумақтық департаменттер де осы тексерулерге қатысып жатыр. Жалпы, 170 лагерь қамтылады, оның 19-ы бойынша тексеру іс-шаралары аяқталды», - деді А. Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, лагерьлер санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алғанда, бір маусымда 150 бала демалатынын көрсетеді. Ал іс жүзінде 300 баланы орналастырады.
«Әрине, 150 жеткіншекке есептелген нысанда 300 балаға тиісті жағдай жасау мүмкін емес қой!? Осының салдарынан су сапасына, кәріз жүйесіне қатысты кемшіліктер шығып жатыр. Сонымен қатар балалардың тамақтануы бойынша талаптар орындалмаған. Өнім сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар жоқ. Атап айтқанда, азық-түлік тиісті нысандарда сақталмаған. Кейбір қызметкерлердің медициналық тексеруден өтпегені анықталып жатыр», - деді вице-министр.
Сондай-ақ Айжан Есмағамбетова балалар демалатын лагерьлерде санитариялық нормалар орындалмаған жағдайда мекемелерге қандай шара қолданылатынын айтты.