Сыйлы қонаққа қандай табақ тартылады?

Сыйлы қонаққа қандай табақ тартылады?
Фото: автор

Ұлтымыз қонаққа арнайы мал сойып, кәде табақ тарту  жоралғысын жақсы меңгерген. Көп жылдар қонақ күтіп жүрген Ертіс ауданының тұрғыны Сәуле Хабдуллина @Pavlodarnews.kz тілшісіне жіліктің түрлері және табаққа ет салу әдебі жайлы айтып берді. 

– Ет асқанда жіліктен бұзылған етті адам санына қарай мөлшерлейді. Малдың 13 жілігі болады: артқы аяқтарында екі жамбас, екі ортан жілік және екі асықты жілік, бір бел омыртқа, алдыңғы аяқтарында екі кәрі жілік, екі тоқпан және екі жауырын жілік. Ең кәделі жілік – жамбас. Оны жасы үлкен кісілерге, сыйлы қонақтарға, құдаларға тартады. Жамбастың қасына міндетті түрде кәрі жілік салады.  Одан кейін кәделі жілік – ортан жілік. Оны екінші табаққа салады. Кейінгі табақтарға асықты жілік,  тоқпан, жауырын жілік салынады, – дейді Сәуле Хабдуллина. 

Сондай-ақ, малда 12 сабақты омыртқа, алты мойын омыртқа, алды бел омыртқа болады. Оларды жіліктердің қасына қосып салады. 

Жылқы малының жіліктері өте үлкен болып келеді. Сол себепті оларды шабады. Мысалы, жамбасты төртке бөлуі мүмкін. Ортан жілікті екіге бөліп, жілігін айырады. Жылқы малында қазы болады. Оны ішекке салып, қазы айналдырады. Жылқының қарта, қарыны табаққа қоса тартылады.

– Әдетте, кәделі жіліктермен бірге сыйлы қонақтарға малдың басын, қой немесе ешкінің шекесін, қазы-қарта, жал-жаяны табаққа бірге салып береді. Қойда сүбе болады. Сүбе деген – ішкі қабырғаның еттері. Өте дәмді ет. Сүбе етті де 12-ге бөліп, табақтарға салады. Сондай ақ табаққа қойдың құйрығын салады. Сондай-ақ, қойдың басын тарту еткенде оның төбесін төртке бөліп, төрт құбылаң тең болсын деп тартады, – дейді ол. 

Қазақ халқында мейманға тартылатын табақтың түрі көп болса да, негізгі бес түрі бар. Олар: бас табақ, қос табақ, сый табақ, күйеу табағы, келін табағы, жастар табағы, жай табақ.

Сонымен бас табаққа жамбас, омыртқа, кесек ет, қабырға, қарта, қарын, қазы салынады.  Екінші табаққа ортан жілік  салса, қалғанын бас табаққа салғандай саламыз. Үшінші табақта асық жілік салып, қалғанын бас табаққа салғандай ұсынады.