Аққулы ауданында үйлерге су беру қалпына келтірілді
Жергілікті билік резервуарлар әлі толмағанын ескертті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
26 қыркүйекте электр беру желісіндегі жөндеу жұмыстарына байланысты күрделі су құбырынан Аққулыға су беру уақытша тоқтатылды. Бригадалар жұмысты сегіз сағатта аяқтауды жоспарлады. Алайда, күрделі су құбырында апат орын алып, «Аққу сервис» қызметкерлері апат орнын қалпына келтіруге тырысты. Осыған байланысты ауыл тұрғындары уақытша сусыз қалды.
– Бүгінгі таңда бірінші көтергіш сорғыдағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Қазіргі уақытта резервуарларды толтыру жүргізілуде, осыған байланысты су аз аралықпен беріледі. Резервуарлар толтырылғаннан кейін су беру штаттық режимде жүргізілетін болады, – деді Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов.
Айта кетейік, сорғыны жөндеуге 20 адам жұмылдырылды.