Павлодар облысында Моңғолиядан келген қандастар саумал сатып, өз кәсіптерін дамытуда

Павлодар облысында Моңғолиядан келген қандастар саумал сатып, өз кәсіптерін дамытуда

Олар тарихи Отанына 2023 жылы қоныс аударған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

46 жастағы Хавдрал Харахат отбасымен Моңғолия елінен Тереңкөл ауданына қоныс аударғандарына бір жарым жыл уақыт болды.  Көшіп келген кезден бастап жергілікті мектепте жұмысшы ретінде жұмысқа орналасқан. Жұбайы, қазіргі уақытта жеке кәсіпкер Майра Хибадат екеуі үш ұл және үш қыз тәрбиелеп отыр. 

Павлодар облысы жұмысты үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самал Қадырованың айтуынша, оларға 1 932 000 теңге көлемінде субсидия берілген. 

– 2023 жылы жасалған сату-сатып алу шартына сәйкес Хавдрал Харахат отбасы экономикалық мобильділік сертификатын пайдалана отырып, Тереңкөл ауылынан жылжымайтын мүлік сатып алды, – дейді Самал Қадырова. – Сондай-ақ, 2024 жылдың маусым айында Майра Хибадат өзінің бизнес-идеясын жүзеге асыру үшін 400 ЕАК көлемінде өтеусіз мемлекеттік грант алды. 

Жеке кәсіпкер бұл қаражатқа бизнес-жоспар бойынша жылқы сатып алып, бүгінгі таңда қымыз бен саумал дайын өнімдерді Тереңкөл ауылында сатады.

Айта кетерлігі, Харахат отбасы белсенді өмір салтын ұстанады және әр түрлі іс-шараларға белсене қатысады. 2024 жылы олар отбасы құндылықтарын жандандыру мақсатында «Өнерлі отбасы» отбасылық шығармашылық байқауына қатысып, үшінші орын иеленген.

Еске сала кетейік, 2024 жылы өңірімізге 1300 адам келіп, қандас мәртебесін алған. Келушілердің басым бөлігі Моңғолия, Қытай, Өзбекстан және Түркіменстан елдерінен қоныс аударған. Бұл ретте, қандастарды қабылдаудың 2024 жылға арналған 1252 өңірлік квота 100 пайызға игерілген.

Биыл жоспар бойынша 1056 қандас келуі көзделуде. Бұл – былтырға қарағанда 196-ға кем. Тарихи Отанына келген қандастар елді мекендерге біркелкі бөлінетін болады.