Ақсуда үлгілі жанұялар отбасылық қарым-қатынастың маңызын насихаттады
Шара Шаңырақ күніне орай өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ақсу тарихи-өлкетану мұражайында бүкіл ел бойынша жарияланған «Наурызама» бағдарламасы аясында «Берекелі үй» атты кездесу ұйымдастырылды.
– Отбасы – шағын мемлекет сияқты, оның әрбір мүшесі бірлік пен бауырластықты сыйлап, қоғамның тірегін құрайды. Мұндай іс-шаралар отбасылардың бірігуіне ықпал етіп қана қоймай, жастар үшін жақсы үлгі-өнеге болып табылады,– деді ұйымдастырушылар.
Оған Евгеньевка ауылынан Устиновтар, Ақсу қаласынан Сүлейменовтар, Құсайыновтар, Кекіловтар, Ракуловтар және Қайырғожиндер отбасылары қатысты. Олар кездесуге шақырылған қара металлургия колледжінің студенттерімен толыққанды отбасылық қарым-қатынас құрудағы ерлер мен әйелдердің рөлі туралы әңгімелесіп, отбасылық өмірдің құндылықтарымен бөлісті.