Павлодарда 5512 әскери бөлімнің құрылғанына 35 жыл толды

Павлодарда 5512 әскери бөлімнің құрылғанына 35 жыл толды
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметі

Әскери бөлімнің іргетасы 1989 жылы 23 қазанда қаланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, 5512 әскери бөлімі қабырғасы қаланған күнді атап өтті. 15 командир басқарған әскери бөлімінің іргетасы 1989 жылы 23 қазанда қаланған. Мыңнан астам ұландық қызмет ететін әскери бөлім салтанатты шараны қаладағы «Достық үйінде» ұйымдастырды.

 Әскери бөлімнің құрлған күнін атап өтеуге ардагерлер қауымы, сондай-ақ, өзара іс-қимыл жасаушы органдарының өкілдері қатысты.

 –   Ұландықтар қоғамдағы елеулі оқиғаларға да асқан қырағылықпен көзге түсуде. Айталық, биыл Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде елордадағы қоғамдық тәртіпті қадағалаған әскери қызметшілер жоғалған смартфондарды тауып, көшеде көз жазып, үйін таппай адасқан балаларды ата-анасымен қауыштырды, – деді әскери бөлім командирі.

Салтанатты жиында әскери қызметтегі кәсіби шеберлігі үшін бір топ әскери қызметшіге Алғыс хат беріліп, ұзақ жыл елеулі еңбек етіп жүрген қызметкерлерге сый-құрмет көрсетілді.

  – Әскери бөлімнің 35 жылдығын тойлап жатырмыз. Еліміздің әр облысынан келген жолдастарыммен бірге осында әскери борышымды өтеп жатырмын. Баршасын осынау ерекше  мерекемен құттықтаймын.  Әскери бөліміміз гүлдене берсін, – деді 5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Мират Құсанов.

 Қоғамдық тәртіпті сақтауға, әр түрлі апаттық жағдайларда елдің қасынан табылуға әрқашан дайын әскери бөлімнің жауынгерлері Отан алдындағы борышын қалтқысыз абыроймен атқарып келеді.

Айта кетерлігі, әскери бөлім биылғы жылы инспекторлық тексерістен де сәтті өткен. Шара аясында сарбаздардың күнделікті оқу-жаттығу кезінде қолданатын қару-жарақ түрлері көпшілікке көрме ретінде ұсынылды.