Павлодарда дауылдан зардап шеккен нысандарды қалай қалпына келтіруде?
Барлық жұмыстар қала әкімінің жеке бақылауында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бүгінде 128 көппәтерлі тұрғын үйдің шатырына зақым келгені анықталды, оның 70-інде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Оған 200-ден астам адам, 25 техника жұмылдырылған.
– Дауылдан кейін шатырларын қайта қалпына келтіріп жатқан нысандарда болдым. Ауа райы қолайлы болатын болса, жылдың соңына дейін жұмыстарды аяқтау жоспарлануда, – деп жазды Хасар Хабылбеков өзінің жеке парақшасында.
Сондай-ақ, әлеуметтік нысандардың шатырына қатысты тоғыз жағдай тіркелген. Олар – мектептер, балабақшалар және колледждер. Аталған әлеуметтік нысандар бойынша жұмыстар 97 пайызға аяқталды. Шатырлар 5 желтоқсанға дейін толығымен қалпына келтіріледі.
– Құрметті қала тұрғындары, егер сіздер дауылдың салдарынан шатырға зақым келгенін анықтаған болсаңыздар, 32-36-92 нөмірі арқылы ТЖ қызметіне хабарлассаңыздар немесе менің жекеме жазсаңыздар болады. Жағдайды бағамдап, тиісті шара қолдану үшін арнайы қызметтерді жіберетін боламыз, – деп атап өтті қала әкімі. –Барлық өтініштер бойынша қажетті жұмыстар жүргізіліп, менің жеке бақылауыма алынатын болады.
Еске сала кетейік, 18 және 19 қарашада дауылдың салдарынан бірқатар оқиғалар тіркелген болатын. Қалалар мен аудандарда ағаштар құлап, бағдаршамдар майысып, шатырларды желмен ұшырып әкеткен. Облыста жалпы желмен ұшырып әкеткен 183 жағдай тіркелді, ал 117 елді мекенде электр қуаты өшіп қалды.