Павлодарлық депутат жиһазы тозған мектеп асханасының жағдайына дабыл қақты
Орындық пен үстелдердің ескіргені соншалық, оқушылар үйге жыртық киімдермен оралуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлжайна Даримова өзінің жеке Instagram парақшасында мониторинг барысында №27 мектепті аралап өткенін жазған. Оның сөзінше, білім ордасында оқушылар жертөледе тамақтанады.
– Асханада апаттық шығу есігі жоқ. Егер өрт шықса, балалар сол жерде қалып қалу қаупі тұр. Жиһаздың жағдайы да жоқ. Оқушылар киімдерін жыртып жүреді,– деп жазды депутат. – Оған қоса төрт жыл бойы мектепте директор жоқ. Басшы болмаса, тәртіп те болмайды.
Облыстық білім беру басқармасы бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
– Биыл асханаға жиһаз сатып алу көзделуде. №27 мектептің асханасын жертөле қабатына орналастыру мектеп жобасы бойынша қарастырылған. Бұл ретте асханада көшеге шығатын қосалқы апаттық шығу жері бар. Мектеп асханасында оң санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды шығарылған,– деді басқармада.
Биыл № 27 мектепте аумақты абаттандыру бойынша күрделі жөндеу, оның ішінде аумақты қоршау, футбол алаңын, баскетбол және волейбол алаңын, воркаут аймағын орнатумен спорт алаңын жөндеу қарастырылған.
– 2022-2023 жылдары облыстың білім басқармасы осы мектеп басшысының бос лауазымына конкурсты 5 рет жариялады. Бір жағдайда кандидат мектептің қамқоршылық кеңесінің келісімінен өтпеді, қалғандарында кандидаттар жұмысқа орналасу бойынша сұхбаттан өтпеді,– деді басқармада.
Сондай-ақ, жазда мектеп аумағын асфальттау жоспарлануда. Бүгінгі таңда мердігерлік ұйым айқындалды, жұмыстардың алдын ала кестесі әзірленуде. Мектеп қасбетін, терезелерін жөндеу, ішкі әрлеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.