Ақсулық боччистер ҚР чемпионатында жүлдемен оралды (ВИДЕО)

Ақсулық боччистер ҚР чемпионатында жүлдемен оралды (ВИДЕО)

Сонымен қатар балалар паралимпиадасында да үздік атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Дода Астана қаласында өтті. Онда жас спортшылар «Бочча» бойынша ҚР чемпионаты және балалар паралимпиадасы бойынша бақ сынап, ақсулық спортшылары 7 медальға қол жеткізді. 

- Ақсу чемпионатының барлық 7 қатысушысы медальдармен оралғанын атап өткім келеді. Олардың алтауы алтын, біреуі қола медальмен оралды, - деп жазды Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дюсимбинов.

Балалар Паралимпиада ойындарының қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасында Нұрлыбек Құрманғалиев, балалар арасында Мирас Бейсембай, Матвей Ульянич және ересектер арасында Руслан Жұматаев алтыннан алқа тақты. Ал Рафик Кабышев ересектер ішінен үшінші орынға табан тіреп, қола медальді еншіледі.

Бұдан бөлек, ҚР чемпионатында Асыл Әміров пен Владимир Кирьяков ересектер тобында дара шауып, алтын медальді қанжығалады.

- Біздің спортшы - Асыл Әміров Асыл ВС4 жіктемесін алды. Енді ол Польшада өтетін «Бочча» бойынша Қазақстан Республикасы құрамасының мүшесі ретінде жарысқа дайындалуда. Спортшыларымызды осы жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын. Осындай биіктерге жете алған боччистерімізді мақтан тұтамыз, - деді шаһар басшысы.

Айта кетелік, «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы аясында «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры Ақсу қаласының әкімдігімен бірлесіп «Бочча» сабағына барлық жағдай жасаған. Өткен жылы боччистердің өтініші бойынша ашық ауада «Бочча» сабақтары үшін жазғы алаң ұйымдастырылды.