Павлодарда қабілетті балалардың шығармашылығын қолдайтын жоба басталды
Енді айына бір рет дарынды оқушылар өздерінің жетістіктерімен бөлісіп, басқа балаларға шабыт беру мақсатында кітапханада бас қосады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
С.Баязитов атындағы облыстық балалар оқу орталығында «Томаға тартар» жобасының тұсаукесері өтті. Әр ай сайын Павлодар облысындағы мектептердің дарынды бір оқушысы жобаның басты кейіпкері ретінде таңдалып алынады. Ол шығармашылық кездесуге келген қонақтарға өзінің өнерге қалай келгенін айтып, оқушылар мен қонақтармен әңгімелеседі. Басты мақсат – дарынды балаларды үлгі ретінде көрсете отырып, басқа оқушыларды да кітап оқуға, шығармашылықпен айналысуға тарту.
Жобаның алғашқы қонағы – республикалық «Жыр алыбы – Жамбыл» ақындар айтысының бірінші орын иегері, облыстық Шоң би, Мұқағали оқуларының жеңімпазы, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының оқушысы, айтыскер ақын Мейіржан Баршынбай. Ол суырыпсалма өнерді сабақпен қатар алып жүр.
– Жетінші сыныпта оқып жүргенде алғашқы рет айтысқа қатыстым. Ал негізі бесінші сыныпта айтысқа қызыға бастадым. Әкем де айтысты жақсы көретін. Кішкентайымнан бері онымен бірге түрлі айтыстарға барып жүретінмін, – деді жас айтыскер. – Мен үшін сахнаның сырты қызық болып жатады. Теледидарда көріп жататын ақындардың қасында жүрем. Бүкіл атмосферасы ұнайды. Нағыз достықтың ордасы екеніне көзім жетті.
Мейіржанның сөзінше, Баянауылда 2018 жылы өткен республикалық ақындар айтысының жүлдегері Мақсат Ахановты көріп, оның айтыс шеберлігіне тәнті болған. Сол кезден бастап жас айтыскер Мақсат Ахановты үлгі ретінде тұтып, сөз саптауын сол кісіге келтіруге тырысқан. Мейіржан болашақта айтыстан алыстамай, өнерді алып жүруді мақсат етеді. Ол суырыпсалма өнерден бөлек, шабыты келгенде өлең де шығарады.
Шығармашылық кездесуде жас ақын суырыпсалма шеберлігін қонақтарға паш етті.
Жоба барысында ай сайынғы шығармашылық кездесуге жергілікті қаламгерлерден құрылған сарапшылар қатысады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шолпан Байғалы аталмыш шығармашылық кездесулердің тұрақты сарапшысы болады.
Олар кездесу соңында басты кейіпкердің өнеріне баға беріп, пікірлерін айтып, ақыл-кеңестерін қосады. Жас дарынның болашақта үлкен шығармашыл тұлға болып қалыптасуына бағыт-бағдар береді.
Ай сайын ұйымдастырылатын жоба жыл соңында желтоқсан айында қорытындыланады. Қорытынды ретінде арнайы фестиваль ұйымдастырылып, жыл бойы үздік өнер көрсеткен қатысушылар марапатталады.