Футболшы «Ертістің» 100 миллион теңге қарызын кешірген

Футболшы «Ертістің» 100 миллион теңге қарызын кешірген
Фото:@menenbarisuraid1

Белгілі әртіс «Ертіс» командасын қайта құруда өз үлесін қосқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ирина Кайратовна» музыкалық тобының мүшесі, белгілі жайдарманшы, бүгінгі таңда қазақ киноиндустриясына өз үлесін қосып жүрген павлодарлық Алдияр Жапарханов «Ертіс» футбол клубының қайта құрылу барысында өз үлесін қосқанын айтты. Бұл жайлы ол өзі түскен подкасттардың бірінде мәлімдеді. 

– Карлос Фонсека 100 миллион теңге қарызын кешірді. Оның осынша ақшаны кешіргені бізді қатты тебірентті. Сербтер біраз жеңілдік жасады. Оларға ФИФА да көмектесті. Тек өз еліміздің 3-4 футболшысы ғана кешірген жоқ. Олардың атын айтпай-ақ қояйын. Барынша келісуге тырысып едік. Бірақ оларды да түсінуге болады. Мен оларды кінәламаймын, – дейді Алдияр Жапарханов.

Сонымен қатар, ол әңгіме барысында клубты сақтап қалу үшін облыс әкіміне кіріп, мәселеге қатысты әңгіме болғанын айтты. 

Еске сала кетейік, «Ертіс» футбол командасы қаржылық мәселелерге байланысты 2020 жылы жұмысын тоқтатқан болатын. 2024 жылы облыс әкімінің қолдауымен барлық қаржылық мәселелер шешіліп, клуб қайта бой көтерген еді. Бүгінгі таңда жергілікті команда екінші лигада ойын көрсетуде.