Павлодарлық Қазақстанның Еуро-2027 іріктеуіндегі Аустрияны ойсырата жеңуіне қатысты

Павлодарлық Қазақстанның Еуро-2027 іріктеуіндегі Аустрияны ойсырата жеңуіне қатысты
Фото: kff.kz

Футболшы ресейлік клубтың ұсынысына қарамастан, спорттық азаматтығын өзгертуден бас тартып, Қазақстанды таңдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңін жарқын жеңіспен бастады. Грузияның Кутаиси қаласында өткен кездесуде қазақстандықтар Австрия құрамасын 7:0 есебімен ойсырата ұтты.

Жеңімпаздар сапында ҚФФ академиясының жартылай қорғаушысы, павлодарлық 16 жастағы Давид Заречный да өнер көрсетеді. 2025 жылдың қаңтарында ұлттық академия жүйесіне ауысқанға дейін ол туған қаласындағы «Ақсу» клубының құрылымында жаттыққан.

Давид Заречный өз буынындағы болашағынан үміт күттіретін футболшылардың бірі саналады. 2026 жылдың тамызында ол Ресейдің «Краснодар» клубы академиясында іріктеуден өтті. Алайда инсайдерлердің мәліметінше, ресейлік клуб футболшымен келісімшартқа тек спорттық азаматтығын өзгерткен жағдайда ғана қол қоюға дайын болған. Давид бұл ұсыныстан бас тартып, Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетуді таңдады.

Алда қазақстандық команданы бірінші іріктеу кезеңіндегі соңғы матч күтіп тұр. 17 қарашада жерлестеріміз турнир қожайыны Грузия құрамасымен кездеседі.

Айта кетейік, әр топтан үздік екі команда келесі элиталық кезеңге жолдама алады. Екінші кезеңде барлығы 28 құрама А лигасының жеті тобына бөлінеді. Топ жеңімпаздары 2027 жылы Латвияда өтетін Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне қатысу құқығына ие болады.