Шарбақты ауданында мас күйінде скутер жүргізген тұрғын қамауға алынды
Ер адамның жүргізуші куәлігі де болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер Шарбақты ауылындағы 1 мамыр көшесінде RACER маркалы скутерді тоқтатты.
– Әңгіме барысында жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шықты. Куәландыру мас болудың жеңіл дәрежесін көрсетті. Белгілі болғандай, ауыл тұрғынының жүргізуші куәлігі де жоқ. Мас күйінде мотоциклді жүргізгені үшін жүргізуші жауапқа тартылды. Сот шешімімен жүргізуші 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, – деді Шарбақты ауданы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Қайрат Сатыбаев.
Айта кетейік, биыл полицейлер көлікті мас күйінде жүргізген 420 жүргізушіні тоқтатқан болатын, оның төртеуі Шарбақты ауданында анықталды. Барлық құқық бұзушылар қолданыстағы заңнама шеңберінде жауапқа тартылды.