ART-студия, телестудия: Аққулы мектебі заманауи үлгіде жабдықталмақ

ART-студия, телестудия: Аққулы мектебі заманауи үлгіде жабдықталмақ
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Білім ордасына  оқу материалдары мен жиһаздар биыл 11 қарашадан бастап жеткізілмек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аққулы ауылы жалпы білім беру мектебінің директоры Руслан Қамбаровтың айтуынша,  «Қазақстан халқына» ҚҚ серіктестері «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» ҚҚ, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ бірлесіп, «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасын жүзеге асыруда. 2022 жылы жобаның қатысушылары 17 мектеп болса, 2023 жылы жобаға 63 тірек мектебі қосылған.

– Ағымдағы оқу жылы Аққулы ауылының жалпы білім беру мектебіне 250 миллион теңге қаражат бөлінді. Бұл қаржыға мектепке қажетті оқу құралдары мен жабдықтар жеткізіледі. Бұрын бізде ART-студия мен телестудия болмаған. Енді балалар бұл кабинеттерде қолөнермен, фото және бейнероликтер дайындаумен айналысатын болады,  – деді Руслан Қамбаров.

Мектеп басшысының сөзінше, аталған жобаға биыл облыс бойынша Аққулы, Тереңкөл және Баянауыл аудандарының үш мектебі енгізілген. Өткен оқу жылы Ертіс ауданының бір мектебі жаңартылған. Жобаны іске асыру ауыл оқушыларына өздері тұратын жерде сапалы білім алуға мүмкіндік береді.

– Мұндай көмек алғаш рет көрсетіліп отыр. Оқушыларға арналған материалдық-техникалық база толық жаңартылады. Ұстаздар бойынша кадр мәселесі жоқ. Сондай-ақ жоба аясында ұстаздар Павлодар және Семей қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінде біліктіліктерін арттыруда, – дейді Руслан Қамбаров.

Барлығы 37 оқу және оқушылардың қосымша білім спортпен қамтылуына арналған 37 кабинет жабдықталады. Нақтырақ айтатын болсақ, техникалық құрылғылар, STEM-зертхана, шахмат кабинеті, мектеп телестудиясы, ART-студия, информатика, робототехника, информатика, мультимедия, тарих,  география, биология, химия, алғашқы әскери дайындық, орыс тілі мен әдебиеті, психолог, қазақ тілі мен әдебиет, физика, математика, домбыра, ағылшын тілі, логопед, интеллектум, мектепке дейінгі даярлық және бастауыш сынып кабинеттері заман талабына сай жаңартылады. Сондай-ақ тігін, тамақтану мәдениеті, ұл балаларға арналған технология шеберханалары, кітапхана, асхана, мәжіліс залы, спорт зал  толығымен заманауи үлгіде жабдықталмақ.  

Айта кетерлігі, мектеп 1968 жылы салынған. 2022 жылы күрделі жөндеуден өткен. Қазіргі таңда 546 бала білім алады.