Павлодарда мүмкіндігі шектеулі жас жандарға жаңа жоба бастау алды

Павлодарда мүмкіндігі шектеулі жас жандарға жаңа жоба бастау алды
Фото: Мақсат Көлтайұлы

Бұл жобаға жыл сайын 10 миллионнан астам теңге бөлінеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда мүмкіндігі шектеулі жастардың (ақыл-ойы кемістігі бар) ақпараттық-ресурстық кеңсесі ашылды. Бұл «Мүмкіндігі шектеулі жастарға және олардың құқықтарын қорғауға арналған ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын ұйымдастыру» жобасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылуда. Жобаға жыл сайын ақпарат және қоғамдық даму басқармасы тарапынан 11 миллион теңге бөлінеді.

– Бұл – әлеуметтік тапсырыс. Бұл тапсырманы жүзеге асырып жатқан – «Алтын бата» қоғамдық қоры. Биылғы жылы өзгертілген заңнамалар арқасында жастардың саны артқаны баршаңызға мәлім. Яғни 35 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі жандар осы орталыққа келе алалды, – дейді ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Раисова.

Мүмкіндігі шектеулі жастар орталыққа келіп, арт терапия, психологиялық көмек ала алады. Психолог маманнан ем қабылдаушылардың туыстары да кеңес мүмкіндігі бар. Орталықтың ашылуына мүмкіндігі шектеулі баланың анасы Бақыт Исагалиева өте қуанышты.

–  Бұл облыстағы алғашқы жоба. Ұлым мектеп бітірген соң сегіз жылдай уақыт аралығында үйде отырып қалды. Осындай жобалар ұлыма мүмкіндік береді деп үміттенемін, – дейді Бақыт Исагалиева.

Бұл жоба тек облыс орталығында ғана емес өңіріміздің 5 ауданына барып, көмек көрсету жұмыстарымен айналысатын болады.

Жобаның тұсаукесері қыш-құмыра жасау шеберлік сағатымен аяқталды. Сондай-ақ, ем қабылдау үшін арнайы тіркелудің қажеті жоқ. Орталыққа хабарласып емдік шараларға жазылып қоюға болады.