Асайын Байханов өңірдің үздік экологтары мен волонтерлерін марапаттады
5 маусым күні бүкіл әлемде Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні және экологтардың кәсіби мерекесі атап өтіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мерекеге орай облыс әкімдігінде экологтарды, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен волонтерлерді марапаттауға арналған салтанатты рәсім өтті.
Облыс әкімі Асайын Байханов еліміздің ірі индустриялық өңірлерінің бірі саналатын Павлодар облысы үшін экология мәселелері мен халық денсаулығын сақтау аса маңызды екенін атап өтті.

Өңір басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасына ерекше тоқталды.
– Павлодар облысының тұрғындары бұл бастаманы белсенді түрде қолдап, сенбіліктерге, көгалдандыру және елді мекендерді абаттандыру жұмыстарына белсене қатысуда, – деді Асайын Байханов.
Жыл басынан бері экологиялық акцияларға облыстың 350 мыңнан астам тұрғыны мен шамамен 40 мың ұйым қатысты. Нәтижесінде 45 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 1200 км астам аумақ тазартылды, сондай-ақ 32 мыңнан астам ағаш пен көшеттер отырғызылды.

Өңірде ауқымды экологиялық жобаларды іске асыру жалғасуда. Биыл 17 скверді абаттандыру, Ақсу қаласында саябақ салу және Екібастұздағы «Шахтер» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады. Павлодар қаласында Экопарктің құрылысы басталады. Көптеген жылдардан бері алғаш рет қаладағы жасыл желектерді қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар орман шаруашылығын дамыту және жылына 150 мың тоннаға дейін қалдықтарды өңдейтін қоқыс сұрыптау кешенін салу жұмыстары жалғасуда.
Өңір кәсіпорындарында заманауи экологиялық технологиялар енгізілуде. Бүгінде 12 ірі өнеркәсіптік кәсіпорын автоматтандырылған шығарындыларды бақылау жүйелерімен жабдықталған. Соның нәтижесінде соңғы бес жылда атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың көлемі 60 мың тоннаға азайды.

Қоршаған ортаны қорғауға және өңірдегі экологиялық мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Асайын Байханов мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыстады. Қазақстан Республикасы экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен Павлодар облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков марапатталды.
«Экология саласының үздігі» төсбелгісімен облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаев, облыстық экологиялық кеңестің мүшесі Ирина Чидунчи және басқарманың бас маманы Евгения Глушко наградталды.

Қазақстан Республикасы экология және табиғи ресурстар министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына сала мамандары, кәсіпорын өкілдері мен волонтерлер ие болды.
Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасымен Торайғыров университеті «Биология және экология» кафедрасының меңгерушісі Айнагүл Қалиева, «Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Марина Поух, «Джурбай» жас өлкетанушылар клубының жетекшісі Анастасия Лухманова және «Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Жанетта Исаева марапатталды.
Салтанатты рәсімді қорытындылаған өңір басшысы сала мамандарына табиғатты келер ұрпақ үшін сақтап қалу жолындағы игі еңбектеріне табыс тілеп, алғысын білдірді.