Instagram желісінде қандастарды балағаттаған павлодарлық келіншек сотталды

Instagram желісінде қандастарды балағаттаған павлодарлық келіншек сотталды
Фото: pexels.com

Әзірше ол айыппұл төлеуге мәжбүрленді. Алайда іс онымен аяқталған жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр Facebook желісіндегі  өзінің парақшасында жазғандай, құқық бұзушының жеке басы анықталды. Ол 27 жастағы павлодарлық қыз болып шықты. Павлодарлыққа қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 174-бабы (Әлеуметтік, ұлтаралық, тайпааралық, нәсілдік, таптық және діни араздық тудыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптама тағайындалды.

Сонымен қатар, әлеуметтік желідегі балағат сөздер үшін бұл азамат ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материал сотта қаралды, онда бұзушыға 20 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Қоғам қайраткерлері болса, келеңсіздікке жауапты адамды барынша жазалауға шақыруда. 

Мәселен, осы бастаманы көтергендердің бірі облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай және оның депутат әріптестері облыс прокурорына хат жолдап, 27 жасар келіншекке қатысты қылмыстық, не болмаса әкімшілік жаза қолдануды өтінді.

Осы іске қатысты облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко де Facebook желісіндегі парақшасында үн қосты. 

- Instagram-дағы видео ашуымды келтірді, - дейді Илья Теренченко. – Оның ісі қоғамның наразылығын тудыруда. Бұған құқық қорғау органдары сәйкес шара қолданатынына сенімдімін. 

Фин-угор этномәдени орталығының басшысы Ольга Николашина болса, 27 жасар тұрғынның Павлодарда тұратынына күмән келтірді. Ольга Николашина әлеуметтік желілерде, жалпы қоғамда кез келген сөзді үлкен жауапкершілікпен қолданудың қажеттілігіне тоқталды.