Павлодар облысының Ұлы Отан соғысының ардагері 100-ге келді
Сергей Николаевич Выжутовичті ғасырлық мерейтойымен аймақ басшысы Асайын Байханов жүзбе-жүз құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы ардагермен жүздесудің өзі үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.

– Сергей Николаевич – тағдыры тағылымға толы, рухы мұқалмаған жан. Ол – бізге бейбіт өмір сыйлаған жеңімпаз ұрпақтың өкілі. Майданның отты жылдарын бастан өткеріп, Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Соғыстан кейінгі өмірін әскери қызметке, одан кейін Павлодар облысының өркендеуіне арнады. Осындай асыл азаматпен жүздескен сайын оның өмірге құштарлығына, парасатына, қайсар рухына еріксіз сүйсінесің, – деді Асайын Байханов.
Сергей Николаевич 1926 жылғы 20 шілдеде Новосібір облысының Чанов ауданындағы Зем-Заимка ауылында дүниеге келген. 1944 жылдың қараша айында 18 жасында майданға шақырылып, Екінші Беларусь майданының 44-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында соғысқа қатысты. Қатардағы жауынгер ретінде басып алынған аумақтарды азат етуге қатысып, Польшаға дейін жетті. Ұлы Жеңіс күнін Германияның Росток қаласында қарсы алды. Соғыс аяқталғаннан кейін Украинада, кейін Рига қаласындағы авиациялық полкте механик-радист болып әскери қызметін жалғастырды.

1951 жылы әскер қатарынан босатылғаннан кейін қайтадан мерзімнен тыс әскери қызметке шақырылып, 1956 жылға дейін Павлодар қаласындағы авиациялық әскери бөлімде радио жабдықтары жөніндегі механик болып қызмет атқарды. Әскери қызметін аяқтаған соң 28 жылдан астам уақыт «Павлодарпромстрой» құрылыс басқармасында еңбек етті.
Ерлігі мен адал әскери қызметі үшін Сергей Николаевич екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, сондай-ақ 13 мерейтойлық және көптеген еңбек наградаларымен марапатталған.
Бүгінде Сергей Николаевич Павлодар қаласында қызы Людмиламен бірге тұрады. Оған немересі мен шөбересі қамқорлық танытып, оның ерлікке толы өмір жолын қастерлеп, ұрпақ жадында сақтап келеді.

Облыс әкімі сұрапыл соғысты көзімен көрген ардагерлердің азайып бара жатқанын атап өтті. Бүгінде Павлодар облысында Ұлы Отан соғысының төрт ардагері ғана қалған. Сондықтан олардың әрқайсысына алғыс айтып, естеліктерін қастерлеу – бәріміз үшін аманат.
Кездесу барысында Асайын Байханов Сергей Николаевичке ерен ерлігі мен елге сіңірген адал еңбегі үшін шынайы ризашылығын білдіріп, зор денсаулық, жан жылуы, бақ-береке және ұзақ ғұмыр тіледі.