Павлодарда қолдан жасалған экологиялық бұйымдар көрмеге қойылды

Павлодарда қолдан жасалған экологиялық бұйымдар көрмеге қойылды
Фото: автор

Зейнеткерлер еңбегі көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда «TAZA VIBE» эко-флешмобы аясында экологиялық таза өнімдер мен қолдан жасалған бұйымдардың көрмесі өтті. Іс-шараға өңірдің қолөнершілері қатысып, табиғи материалдардан дайындалған жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды.

Көрмеге қатысушылардың бірі – Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының оқытушысы Виктория Султанова. Ол табиғи жүннен жасалған киіз бұйымдарын алып келді. 

Бұл акцияға екінші жыл қатарынан қатысып келемін. Көрмедегі жұмыстардың барлығы қолмен дайындалған, олардың арасында орталықтағы зейнеткер шәкірттерінің туындылары да бар. Жастардың туған өлкесін танып-білуге қызығушылық танытып, түрлі бастамаларға белсенді араласатыны қуантады. Орталықта киіз басу мен тоқу үйірмелерін жүргіземін. Шығармашылық саласында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін, ал орталық ашылғалы бері оқытушымын, – деді ол.

Көрмеде өз жұмыстарын ұсынған тағы бір қолөнерші – Раушан Құрманғалиева. Ол келушілерге қарлығаш, қошқар мүйізі, гүл және басқа да ұлттық ою-өрнектер бейнеленген этностильдегі брошьтарды таныстырды.

Шетелдік тауарлардан гөрі өз табиғатымызға жақын, қолмен жасалған экологиялық өнімдерді насихаттағым келеді. Бір бұйымды жасауға кем дегенде үш-төрт күн кетеді. Алдымен бірнеше қабат құйылады, кейін өңделіп, жылтыратылады. Соңында бекіткіші орнатылып, арнайы қаптамаға салынады, –деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай көрмелер тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, жергілікті шеберлердің еңбегін насихаттауға мүмкіндік береді.