Павлодарда жалған нөмір таққан жүргізуші қамауға алынды

Полицейлер «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында 2,5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тәртіп сақшылары айып тұрағына 127 автокөлікті қойды, олардың жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Бұзушылықтардың қатарында: мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің, сақтандыру полисінің болмауы, мас күйінде көлік құралын басқару, маневр жасау ережелерін бұзу, авариялық жағдай жасау, жалған нөмірлермен жүру.
– Мысалы, Павлодар қаласында Қамзин көшесі бойында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен ВАЗ-2115 маркалы автокөлік ұсталды. Жүргізуші бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу және көлік құралдарын басқару құқығынан бір жылға айыру түрінде жауапқа тартылды, – деді облыстық полиция департаментінде.
Полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыруға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз жол» ЖПШ ағымдағы жылдың 19 мамырына дейін жалғасатынын еске салады және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.