Асайын Байханов: Мен көбінесе Железиннің картобын таңдаймын

Асайын Байханов: Мен көбінесе Железиннің картобын таңдаймын

Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Железин ауданының халқымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі өз баяндамасында ауданның агроөнеркәсіптегі жетістіктері туралы айтып, Железин ауданы егін алқабының көлемі бойынша облыста 4-орында екенін атап өтті. Сондай-ақ аудан арпа мен жүгері алқабы бойынша көш басында. 

- Железин картобы үлкен сұраныспен қолданылады. Бәрі Железиннің картобын алғысы келеді. Мен де өз басым железиндік картопты артық көремін. Өткен жылы картоптың өнімділігі 78 мың тоннадан астам болды. Биыл аудандағы жалпы егін алқабы 206,7 мың гектар болады деп жоспарлануда, - деді Асайын Байханов.

Ауданда соңғы үш жылда суармалы жер көлемі 1,3 мың гектарға немесе 30% ұлғайды. Бүгінде жалпы көлемі 15,2 мың га. 

Бұдан бөлек, аудан көкөніс қоймаларының сыйымдылығы бойынша да облыста 4-орында. Қазір жалпы сыйымдылығы 43 мың тоннаға жуықтайтын 10 көкөніс қоймасы жұмыс жасауда. 

Асайын Байханов Железин ауданында мал шаруашылығының жақсы көрсеткіштеріне қарамастан осы салада бірқатар мәселелер бар екенін айтты. 

- Мысалы, сүт өндірісі соңғы екі жылда 4 пайызға, жұмыртқа өндірісі 22 пайызға төмендеді. Осы орайда аудан әкіміне бұл салаларға жаңа инвестиция тартуды тапсырамын, - деді облыс әкімі. 

Аймақ басшысы кездесуде ауыл шаруашылығы саласына көңіл бөлу себебі, аудан және облыс әкімдігінің негізгі міндеті жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыс орындарын сақтау, жұмыспен қамту көрсеткіштерін көтеру екенін түсіндірді. Тек еңбекпен қамту арқылы ғана аудан мен облыстың экономикалық әлеуеті жоғарыламақ. 

Айта кетейік, Железин аудандық мәдениет үйінде облыс әкімі Асайын Байхановтың аудан тұрғындарымен кездесуі өтуде. 

Фото: ашық дереккөздерден