Павлодар облысында көмір бағасы қымбаттайды
Елдегі инфляцияның салдарынан қатты отынның құны біршама өседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Салханов мәлім етті.
– Майкөбе көмірі былтырғы бағамен салыстырғанда 500 теңгеге өсті. Өткен жылыту маусымы кезінде көмірдің бағасы 7500 болған, енді 8000 теңге көлемінде сатылады, – деді басқарма басшысы. – Қазір тіпті, нанның бағасы көтеріліп келе жатыр. Мұның барлығы инфляцияның әсерінен болып отыр.
Оның айтуынша, бағаны ұстап тұру үшін басқа да көмір кеніштерімен келіссөздер жүргізілуде.
– Ал «Богатырь көмір» ЖШС қаңтарда бекіткен бағаны ауыстырмайды, сол қалпында ұстайтын болады. Жылыту маусымының соңына дейін бағаны ұстап тұру жөнінде меморандум басқа да көмір тұйықтарына жолданды, – деді Ержан Салханов.
Басқарма басшысының сөзінше, көмір қоймаларында 1,6 миллион тонна көмір мен 15 мың тонна мазут қоры бар. Облыстың қажеттілігі үшін 536 тонна көмір керек. Оның ішінде 350 тоннадан астам халықтың тұтынуына, ал 126 тонна бюджеттік ұйымдарға арналған.
Павлодар қаласында қатты отын сататын негізгі орындар:
- «А-Вест Павлодар» — Товарная көшесі, 25.
- «Север Энерго Уголь Снаб» ЖШС — Товарная көшесі, 25.
- «Элит КЗ» ЖШС — Шығыс өндірістік аймақ көшесі, 2.
- «IhsanGroupKz»ЖШС — Жаңаауыл, өзен порты.