Павлодарда Түркия азаматы заңсыз жұмыс істеген
Жұмыс беруші де жазасыз қалмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, донер жасау орындарын тексеру барысында тиісті құжаттарсыз Түркия азаматын жұмысқа тарту фактісін анықтады.
– Қазақстан Республикасының Халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін шетелдікке және жұмыс берушіге қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, 25 және 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті көші-қон қызметінің бастығы Дәулет Ысқақов.
Сондай-ақ, Шідерті кентінің жанындағы «Бекет» стационарлық бекетінде полиция Өзбекстан Республикасы азаматының еліміздің көші-қон заңнамасын бұза отырып, заңсыз болу және еңбек қызметін жүзеге асыру фактісін анықтады. Шетелдік азамат жеке кәсіпкердің жүк көлігінде жүргізуші болып жұмыс істеген. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Май ауданында қонақ визасымен келген Өзбекстанның үш азаматы шығу күнін кешіктіріп, еңбек қызметін тиісті құжатсыз жүзеге асырған. Шетелдіктерге қатысты бұзушылық үшін әкімшілік материал толтырылып, 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Жұмыс берушіге 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
«Заңсыз келу-2024» республикалық жедел профилактикалық шарасы шеңберінде екі күн ішінде полицейлер 91 шетел азаматын және Қазақстан Республикасының 43 азаматын анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Соттарға 52 әкімшілік материал жіберілді. 13 азаматқа қатысты оларды елден шығару туралы шешім қабылданды. Полицейлер шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланудың 13 фактісін анықтады.
Аталған шара 9 маусымға дейін жалғасады.