Асайын Байханов «Шахтер» саябағының ашылуын жеделдетті
Екібастұзда жазғы дайындық қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Баянауылда облыстың туристік әлеуетінің дамуы барысымен танысты. Екібастұз әкімі Аян Бейсекин хабарлағандай, Солнечный кентіндегі жағажай биыл да демалушылар үшін дайындалуда. Жалпы аумағы 5,3 гектарды құрайтын, ұзындығы 350 метр жағажайда жыл сайын 20 мыңнан астам адам демалады.
- Қызмет көрсету «Авангард Трейд» ЖШС мен «Екібастұзсервис» КММ-нің мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ұйымдастырылған. Бұл формат тұрғындарға жағажайға тегін кіруге мүмкіндік береді, сонымен қатар ақылы сервистерді дамытуға жағдай жасайды. Қазіргі таңда су түбін тазарту, аумақты абаттандыру, құм төсеу және санитарлық өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Жағажайды кезең-кезеңімен ашу жоспарланған: техникалық ашылуы – 1 маусымда, салтанатты ашылуы – 7 маусымда, - дейді Аян Бейсекин.
Сонымен қатар қалада демалыс инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жалғасуда. Аяқталуға жақын «Шахтер» саябағының құрылысы маңызды жобалардың бірі болып табылады. Жоба толық қаржыландырылған, пайдалануға беру мерзімі тамыз–қыркүйек айларына жоспарланған.
Өңірдің туристік әлеуетін арттыру бағытында да жұмыстар атқарылуда. Екібастұз өңірінен бес нысан киелі орындар картасына енгізілген. Солардың бірі – Исабек ишан Хазрет кесенесі, оған жыл сайын 1200-ден астам турист келеді. Кесенеге апаратын жолды жаңғырту жоспарланып отыр: 2024 жылы республикалық бюджеттен 150 млн теңге бөлінеді.
Сондай-ақ жол бойындағы сервисті дамыту аясында өткен жылдары тоғыз миллиард теңге инвестиция тартылған. Биыл тағы төрт ірі нысан салу жоспарлануда, оған шамамен сегіз миллиард теңге инвестиция бағытталады.
Облыс әкімі Асайын Байханов «Шахтер» саябағы құрылысының кешеуілдеуін қаржылық және жобалық өзгерістермен түсіндірді. Ол жобаны мүмкіндігінше тамыз айында аяқтауды тапсырды, себебі жаз маусымы қысқа әрі тұрғындар жаңа демалыс орнын күтуде.