Павлодарда туризмді дамытуға арналған бейнеролик байқауы қорытындыланды
Отырыс нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, грамоталар мен бағалы сыйлықтарға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Tourism Vision: Саяхатшы көзімен бейне» атты шығармашылық байқауының комиссия отырысы Шахмат үйінде өтті. Жиында мобилографтар мен блогерлерден келіп түскен бейнеролик өтінімдері мұқият қаралды.
Комиссия мүшелері әрбір жұмысты он балдық шкала бойынша бағалап, негізгі критерийлерге сәйкестігін тексерді. Бағалау кезінде бейнероликтердің тақырыпқа сәйкестігі, ақпараттылығы, креативтілігі, техникалық орындау сапасы, сондай-ақ эмоционалдық және эстетикалық әсерінің тереңдігі ескерілді.

Отырыстың қорытындысы бойынша әділқазылар алқасы конкурстың жеңімпаздарын анықтады. Жүлделі орын иеленген қатысушылар грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, байқауға қатысқан қалған қатысушыларға да қолдау сыйлықтары табысталды.
Конкурс жеңімпаздарының үздік бейнероликтері алдағы уақытта Павлодар облысының туристік әлеуетін көрсету мақсатында халықаралық және республикалық көрмелерде пайдаланылатын болады.