Павлодарлық жалғыз өзі 600 шақырымдық қайық сапарына шығады
Саяхатшыны Еуразиядағы ең ірі өзендердің бірі бойымен ұзақ сапар күтіп тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мұрат Лебедев – бұрынғы әскери қызметкер, бүгінде Тянь-Шань тауларындағы альпинистік экспедицияларды ұйымдастырып, жорықтар мен тау сапарларына дайындық жүргізетін нұсқаушы. Енді ол Павлодардан Омбыға дейінгі бағыт бойынша жалғыз өзі байдаркамен жүзуге дайындалып жатыр.
Бұл идея табиғат, саяхатқа деген сүйіспеншіліктен және өзін жаңа қырынан сынауға деген ұмтылыстан туған. Бағыт өңірдің басты су артериясы – Ертіс өзені арқылы өтеді. Ғасырлар бойы бұл өзен екі өңірді байланыстырып, көршілік пен достықтың символына айналды.
– Бұл менің алғашқы осындай ұзақ автономды су сапарым болмақ. Дегенмен саяхаттар мен экспедициялар бойынша тәжірибем жеткілікті. Сапар аяқталғаннан кейін Павлодар қаласының туын Омбы әкімшілігіне табыстау жөнінде бастама көтеруді жоспарлап отырмын. Бұл екі қала арасындағы достықтың, ынтымақтастықтың және өзара құрметтің белгісі болмақ, – дейді Мұрат Лебедев.

Саяхатшы дайындыққа тау жорықтарындағыдай мұқият қарайды. Ең бастысы – қауіпсіздік. Маршрут, жабдықтар, байланыс құралдары және барлық ұйымдастыру мәселелері алдын ала жан-жақты пысықталуда.
– Мен үшін кез келген жалғыз сапар – табиғатпен етене жақындасу, өзіңмен оңаша қалып, еркіндікті сезіну және айналадағы әлемді шын мәнінде тыңдау мүмкіндігі. Осындай экспедициялардың ең тартымды тұсы да осы, – дейді ол.
Қазір сапарға белсенді дайындық жүріп жатыр. Мұрат белсенді демалыс, саяхат және салауатты өмір салты тақырыптарына жақын серіктестермен ынтымақтастыққа ашық. Экспедиция барысында ол әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жол бойындағы әсерлері, фотосуреттері және бейнематериалдарымен тұрақты бөлісіп отырмақ.

Павлодарлықтың қоржынында талай тәжірибелі экспедициялар бар. 2023 жылы ол Тянь-Шань тауларында Қазақстан рекордын орнатқан команданың құрамында болды.
– Есте қалған ерекше сәттердің бірі – 4 317 метр биіктікке Қазақстан туы мен жылжымалы моншаны көтеріп, мұздықтың үстінде нағыз бу моншасын ұйымдастырғанымыз, – деп еске алды Мұрат Лебедев.
Мұрат Лебедевтің бұл сапары павлодарлықтардың ерекше саяхаттар дәстүрін жалғастырып отыр. Өткен жылы Денис Желнин Эверест базалық лагеріне дейін жалғыз велосаяхат жасап, мақсатына 446-шы күні бірақ жеткен болатын. Бастапқыда ол жолды бес айда еңсеруді жоспарлағанымен, сапар шамамен бір жарым жылға созылды.
Ал биылғы жылдың 1 мамырынан бастап Денис Желнин Қазақстан бойынша жаңа велосаяхатын бастады. Ол 150 күн ішінде шамамен 10 мың шақырымды жүріп өтуді көздеп отыр. Қазір саяхатшы Талдықорған қаласында жүр.