Астанада Мәшһүр Жүсіп туралы кітап таныстырылды
Кітапты құрастыруға жиырма жылдан астам уақыт кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ақын және дінтанушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шарада тарихи тұлғаның шөбересі Абай Шарапиев өзінің «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» атты кітабын таныстырды.
Дөңгелек үстелде қатысушылар Мәшһүр Жүсіптің ұлы тұлғасының қазақ тарихы мен руханиятындағы орны, оның мұрасын өскелең ұрпаққа тапсыру, қоғамдағы еңбектерін дәріптеу және жаңа зерттеулер жүргізу мәселелерін талқылады. Іс-шараға ақынның ұрпақтары, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдар, журналистер жиналды.
Кітап авторы Абай Шарапиевтің айтуынша, оның жинағына ақсақалдардан жинастырылған ақпарат енгізілген.
– Менің кітабымның ерекшелігі – Мәшһүр атаны көрнекті тұлға, халық арасында қайырымдылығымен танылған адам, емші және көріпкел ретінде көрсетуі. Сондықтан атамызбен кездескен ақсақалдардың естеліктерін жазып алып, осы кітапты құрастырдым, – деді Абай Шарапиев.
Автор «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабын жазуға 23 жылын арнаған. Басылымның демеушісі – «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры.