Павлодарда әйелдер қауымы төл мерекесінде тегін концерт пен қойылымдар тамашалайды

Өңірде Халықаралық әйелдер күніне орай мыңға жуық іс-шара өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
8 наурыз күні барлық музейлер мен театрларда әйелдер қауымына кіру тегін болады. Бұл туралы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Самал Сәменова мәлім етті.
– Халықаралық әйелдер күніне арналған облыстық салтанатты жиын 7 наурыз күні сағат 15:00-де Естай атындағы мәдениет сарайында өтеді. Концерттік бағдарламада Иса Байзақов атындағы облыстық филармония, Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртістері мен арнайы шақырылатын әртіс – Медеу Арынбаев өнер көрсетеді, – деді Самал Сәменова.
Ал мереке күні сағат 19:00-де Ернар Айдардың коммерциялық жеке концерті өтеді. Қалалар мен аудандардың мәдениет мекемелерінде 4-8 наурыз күндері мерекелік концерттер, сайыстар, дөңгелек үстелдер мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылады.
Көрме
3-8 наурыз күндері Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде павлодарлық суретшілердің «Әйел бейнесі» атты көрмесі қойылады.
5 наурыз сағат 11:00-де Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» көрмесі ашылады.
Театр
8 наурызда 17:00-де Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында «Алғашқы махаббат» комедиясы, ал сағат 18:00-де А. Чехов атындағы театрында «Превратности любви» лирикалық комедиясы қойылады.
Іс-шара
4 наурызда 15:00-де Майра музейінде «Майраның ізбасар жерлестері» ән кеші өтеді.
6 наурызда сағат 11:00-де «Аналар-асыл жандар» мерекелік кеш басталады.
7 наурызда сағат 16:00-де Шафердің музей-үйінің концерттік залында «8 наурыз мерекесі», күйтабақтар көрмесі және кеш өтеді.
8 наурызда сағат 13:00-де «Шаңырақ» орталығында облыстық «Ертіс аруы» байқауы болады. Ал кешкі сағат 17:00-де облыстық филармонияның концерттік залында «Трио баритонов» концерті ұйымдастырылады.