Жасанды интеллект Ertis Promenade көрігін қыздырмақ

Жасанды интеллект Ertis Promenade көрігін қыздырмақ
Фото: Константин Шелков

Павлодардың бас сахнасындағы маусымның ашылуы мамыр айының соңына жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі бөлімі хабарлағандай, биыл Ertis Promenade сахнасындағы шығармашылық маусым мамыр айының соңында ашылады. Ашылу салтанатына қазақстандық және шетелдік эстрада жұлдыздары қатысады.

Жыл сайын жазғы кезеңде бұл сахнада 250-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Концерттік бағдарламалардың жалпы ұзақтығы 250 сағаттан асады, ал оларға Павлодар қаласы мен облысынан 2000-нан астам әртіс қатысады. Сонымен қатар, жыл сайын 20-дан астам қазақстандық және шетелдік жұлдыздар өнер көрсетіп, жобаларды 800 мыңнан астам көрермен тамашалайды.

Биылғы маусымда көрермендер үшін мазмұнды әрі алуан түрлі бағдарлама дайындалуда. Жоспарға қалалар мен аудандардың мәдени күндері, мемлекеттік мерекелер, отандық фильмдердің көрсетілімдері мен дискотекалар енгізілген. Қала күні сияқты ірі іс-шараларға қазақстандық және әлемдік деңгейдегі жұлдыздарды шақыру көзделіп отыр. Сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанушылар үшін тұрақты спорттық жаттығулар ұйымдастырылады.

Жаңа маусымның басты ерекшелігі — жаңартылған форматтар мен креативті шешімдер. Заманауи технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект элементтері енгізіліп, концерттерді одан әрі әсерлі әрі интерактивті етпек. Сонымен қатар жаңа есімдер, түрлі жанрдағы өнер көрсетілімдері және техникалық жабдықталудың жақсаруы күтілуде.

Айта кетейік, Ertis Promenade жобасының елімізде баламасы жоқ. 2025 жылы мұнда 273 мәдени іс-шара мен 44 спорттық шара өтіп, 32 жұлдыз өнер көрсетті. Маусымның жабылу кешінде Орталық жағалауда Павлодар өңірінен бөлек, Қарағанды, Астана және Семей қалаларынан келген қонақтар жиналды.