Атамекен ауылында бөбекжай әкімшілігі жемқорлықпен айналысқан
Директордың шотына отыз миллион теңгеден астам қаражат түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының №2 соты баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сот залында Атамекен ауылы №36 бөбекжай-бақшасының директоры мен есепшісіне қатысты аса ірі мөлшерде иелену фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.
– Аталған бөбекжайдың директоры 2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап 2024 жылдың 24 сәуіріне дейінгі аралықта есепшінің қатысуымен заңсыз есептік төлем тізімдерін жасап, бюджет қаражатын өзінің банктік шотына аударған. Осылайша олар жалпы сомасы 32 миллион теңгеден аса бюджет қаражатын жымқырған, – дейді баспасөз орталығында.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленуші ұйым өкілінің, куәлардың айғақтарымен, құжаттамалық дәлелдемелермен және сот сараптамаларының қорытындыларымен толық дәлелденді.
– Сотпен іс бойынша жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, екі сотталушыға 6 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындаумен мемлекеттік қызметте, судья, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және тағы басқа лауазымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды, – делінген хабарламада.
Директордың жүктілігін, 2011 жылы туылған жас баласының, қарт анасының (2-топтағы мүгедек) бар екенін, жесір әйел екенін, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескере отырып, сот қылмыстық кодекстің 74-бабының негізінде тағайындалған жазаны 1 жылға кейінге шегерді.
Есепшінің 2012, 2014 және 2019 жылы туылған үш жас баласы бар екенін, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескере отырып, тағайындалған жаза 5 жылға кейінге шегерілді.
Азаматтық талап қою залалдың ішінара өндірілуін ескерумен қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, осыған ұқсас оқиға ағымдағы жылдың 16 мамырында Железин ауданында болған. «Балапан» бөбекжай-бақшасында директордың міндетін атқарушы өзінің банктегі есепшотына 4 миллион теңгеден астам ақшаны заңсыз аударған болатын.