Астанада Жасыбай жағалауын дамыту жоспарлары айтылды

Астанада Жасыбай жағалауын дамыту жоспарлары айтылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл Баянауыл ауданына 150 мың турист барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жасыбайдағы туризмді дамыту жоспарлары туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов мәлімдеді. Ол жеке бизнес тарапынан сервистің жеткіліксіздігі мәселесінің бар екенін мойындап, мұндай жағдайдың объективті себептерін де атап өтті.

– Баянауылдағы туристік маусым 10 маусымнан 25 тамызға дейін ғана созылады. Яғни, мұндай қысқа мерзімде жеке инвесторлардың салған қаражаты өзін-өзі ақтамайды. Туристер небары 1,5-2 ай аралығында ғана келеді, қонақүйлер де тек осы кезеңде жұмыс істейді. Ал қалған шамамен 11 ай бойы мұнда демалушылар өте аз, – деді Асайын Байханов.

Соған қарамастан, билік Жасыбай көлі маңындағы курорттық аймақты ретке келтіру жауапкершілігін өз мойнына алуда. Келесі жылдан бастап жағалау толық абаттандырылады. Онда шатырлары бар демалыс орындары, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, дәретхана, душ, қоқыс жәшіктері орнатылады.

Сонымен қатар Сабындыкөл көлінің жағалауы да жаңарып, көркейе түсті. Биыл Сабындыкөл көлінің жағалау аймағы абаттандырылып, Баянауыл ауылында бақылау алаңы салынды. Қазір бұл нысандар туристер үшін қолжетімді.

«Берёзовая роща» және «Сабындыкөл Plaza» демалыс базалары жыл бойы жұмыс істеу режиміне көшті. Қыс мезгілінде де Jasybay Resort, «Золотые пески», «Аңыз Land» демалушыларды қабылдауға дайын.

Баянауыл ауылына кіреберісте өңірдегі туризмді дамытуға арналған негізгі инфрақұрылымдық нысандардың бірі – визит-орталықтың құрылысы жалғасуда. Жоба екі жылға есептелген, құрылыс және абаттандыру жұмыстары 60 пайыздан астам орындалған.

Визит-орталықтың ішкі кеңістігі көпфункционалды болады: кітапхана аймағын дәрістер мен семинарлар өткізуге арналған залға айналдыруға мүмкіндік қарастырылған, ана мен балаға арналған бөлмелер, жайлы кофехана, өлкетану музейі және демалысқа арналған террасалар болады. Орталық мүмкіндігі шектеулі туристердің қажеттіліктеріне толықтай бейімделген.

Еске сала кетейік, биылғы жылдың алғашқы үш тоқсанында Павлодар өңіріне келген қазақстандық туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27 пайызға өсіп, 236 329 адамды құрады.