Аймақ емес – өнер ордасы: Аймауытов театры 36-маусымды жарқын аяқтады

36-маусымды қорытындылап, шығармашылық биіктер мен болашақ жоспарлар жайында ой бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2024–2025 жылғы 36-маусым Жүсіпбек Аймауытов атындағы театр үшін мазмұнға толы болды. Алғаш рет ұйымдастырылған республикалық Ертіс–Баян театр фестиваліне қатысып, үздіктер қатарынан көріну ұжым үшін үлкен мәртебе.
– Павлодарды көбісі шет аймақ деп қабылдайды. Ал біз мәдениет арқылы, фестивальдер мен сапалы қойылымдар арқылы дәл осы өңірде заманауи, серпінді театр бар екенін бүкіл елге көрсеткіміз келеді, – дейді театр директоры Арман Темірбек.
Биылғы маусымда театр ұжымы Астана, Қарағанды, Теміртау қалаларына гастрольдік сапармен шығып, көрерменге «Ұждан», «Маугли» және «Джудит жасаған қиын таңдау» спектакльдерін ұсынды. Бұл қойылымдардың ішіндегі «Джудит…» екі тілде сахналанып, қазақ және орыс тілді көрермендерді де тәнті етті.
Көрермен қабылдауы – театрдың басты көрсеткіші.
– Біздің басты миссиямыз Павлодарды мәдениет орталығына айналдыру. Көрермендердің бізге сеніп, билет алып келуі біздің ең үлкен жетістігіміз. Олар тек қазақша емес, орысша спектакльдерімізге де қызығушылық танытады, – дейді театр директоры Арман Темірбек.
Сахнада жүздеген рөлді сомдаған актриса, театрдың ардагері Бақаргүл Құрбанова үшін әр қойылым жаңалық, әр рөл тәжірибе.
– Мен үшін рөлдің оңайы немесе қиыны жоқ. Комедия ойнау драмаға қарағанда екі есе қиын. Көрерменді күлдіру – шынайы шеберлікті талап етеді. Биылғы «Ричард III» спектаклі ерекше тәжірибе. Лондоннан келген режиссермен жұмыс істеу – кәсіби биікке тағы бір қадам болды, – дейді театр мәдени қайраткері Бақаргүл Тұрсынқызы.
36-маусым шымылдығы режиссер Жанкелді Садықов сахналаған Бір досың керек екен қойылымымен жабылды. Андрос пен Сандрос атты ағайынды жігіттердің оқиғасына құрылған бұл туынды көрерменге жеңіл күлкі, жылы көңіл-күй сыйлауды көздейді.
Андроның жұбайы Марго рөлінде Бақаргүл Құрбанова ойнады. Оның айтуынша, әйел мен ер арасындағы эмоцияны шынайы жеткізу – ең үлкен сын.
– Мен баладан бастап шайтанға дейін ойнадым десем артық емес. Бірақ ер адамның әйелін ойнау, қызғану, іштегі сезімді жеткізу нағыз актерлік сын, – дейді Бақаргүл Құрбанова.
Театрдың көркемдік жетекшісі Әділет Аханова Алматы мен Мәскеуге барып, жас актерлер мен режиссерлерді іріктеу үстінде. Келесі, 37-маусымда жаңа есімдер сахнаға шығуы мүмкін. Сонымен қатар, қыркүйек пен қазан айларына бірнеше республикалық және халықаралық фестивальге қатысу жоспарланып отыр.
– Біз әр маусымды үлкен шабытпен бастаймыз. Жаңа леп, жаңа энергия алып келетін қойылымдарды қазір көркемдік кеңеске дайындап жатырмыз. Театр тоқтамайтын тірі ағза, ал көрермен оның жүрегі, – дейді Арман Темірбек.
Аймауытов театры – бұл тек сахна емес, бұл Павлодардың мәдени паспорты. 36-маусым – театр ұжымының шеберлігі мен рухани қуатының дәлелі. Енді 37 маусымнан жаңа қойылымдар, жаңа таланттар мен жарқын кездесулер күтіп тұр.