Павлодарда мамыр мерекелеріне арналған ауқымды шаралар басталады
Өңірде 2000-нан астам іс-шара өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде көктемнің соңғы айы мазмұнды мерекелік бағдарламаларға толы болмақ. Облыс аумағындағы барлық тұрғынды қамтитын түрлі форматтағы мыңдаған мәдени-көпшілік, әскери-патриоттық және әлеуметтік бағыттағы шаралар өткізу көзделіп отыр. Жоспарланған жұмыстар туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов баяндады.
- Мамыр айы - халқымыздың бірлігі мен татулығын, ерлігі мен батырлығын, сондай-ақ тарихи жадымызды айшықтайтын маңызды мерекелерге толы ерекше кезең. Биылғы мерекелік шаралар Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын іске асыру, оның негізгі қағидаттарын ілгерілету және тарихи сабақтастықты дәріптеу аясында өтеді, - дейді ол.
Қазақстан халқының бірлігі күніне орай облыс бойынша 500-ден астам іс-шара қамтылған бірыңғай жоспар әзірленді. Олар мәдени-бұқаралық, спорттық, қайырымдылық және волонтерлік бағытта өтеді.
- 1 мамыр күні Павлодар қаласындағы Конституция алаңында этномәдени бірлестіктердің, Қанат Даржұман атындағы Ұлттық жаңғыру мектебі оқушыларының, шығармашылық ұжымдардың, Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның және мәдениет ұйымдарының қатысуымен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады, - дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде «Қазақстан - ортақ үйіміз» патриоттық челленджі, этносаралық достықты дәріптейтін бейнероликтер мен құттықтаулар жарияланады.
Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай облыс бойынша 1500-ден астам іс-шара жоспарланған. Олар ардагерлерді құрметтеуге, әскери қызметшілерге тағзым етуге және жастардың бойында патриоттық рух қалыптастыруға бағытталған.
- 6 мамыр күні Естай атындағы мәдениет сарайында Отан қорғаушылар күніне арналған облыстық салтанатты іс-шара өтеді. Облыс мектептерінде «Біздің заманымыздың батырлары» атты ерлік сабақтары ұйымдастырылады. Сондай-ақ облыстың қала және аудан мектептерінен 600 оқушының қатысуымен «Сап және ән» облыстық байқауы, әскери-патриоттық эстафеталар мен концерттік бағдарламалар өтеді, - дейді ол.
5 мамыр күні Павлодар жоғары электроника және коммуникациялар колледжінде заманауи «Жас сарбаз» кабинеті ашылады. Осы күннен бастап өңірде 20 мыңнан астам «Жеңіс лентасы» тұрғындарға таратылады.
- 9 мамыр күні барлық қала мен аудандарда Ұлы Отан соғысы ескерткіштері мен монументтеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Павлодар қаласындағы негізгі рәсім «Даңқ» ескерткішінде сағат 10:00-де ұйымдастырылады, - деді Әлнұр Сейдуманов.
Мерекелік күндері «Ардагерім - ардағым» акциясы аясында жастар тыл еңбеккерлерімен кездесіп, ардагерлердің үйлеріне көмек көрсетеді. Сонымен қатар, «Ер есімі - ел есінде» республикалық патриоттық шеруі онлайн форматта өтеді.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, сондай-ақ тұтқында болған азаматтарға бірыңғай әлеуметтік төлемдер қарастырылған.
Жоспарланған барлық іс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдар мен әлеуметтік желілерде кеңінен ақпараттық сүйемелдеумен қамтылады.