Павлодарда зиялы қауым Мүбәрак Жаманбалиновты еске алды

Павлодарда зиялы қауым Мүбәрак Жаманбалиновты еске алды
облыстық кітапхана ұсынды

Жиында ақынның шығармашылығын дәріптеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ертіс ауданының Құрметті азаматы, белгілі ақын, өлкетанушы, журналист Мүбәрак Жаманбалиновтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Балбұлақ жырдың бастауы» атты әдеби-танымдық конференциясы өтті. Іс-шара қазақ әдебиетінде ерекше орын алған ақынның шығармашылығын дәріптеп, балалар әдебиетіне қосқан үлесін бағалауға бағытталды.

Жиынға Мүбәрак Жаманбалиновтың әдеби мұрасын зерттеп жүрген ғалымдар, шәкірттері, оның шығармашылығымен сусындаған әдебиетсүйер қауым, студенттер мен мектеп оқушылары және ақынның шәкірті - Құрмет орденінің иегері, қаламгер Ғалымбек Жұматов, Қазақстанның Құрметті журналисі Ғалия Балтабай, Павлодар облысының Құрметті азаматы, ақын Шолпан Байғалы, және Торайғыров университетінің профессоры, балалар әдебиетін зерттеуші, филология ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Қапасова қатысты.

Конференция барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы тереңірек түсінік беріліп, оның қазақ балалар әдебиетіне қосқан өлшеусіз үлесі талқыланды.

Б.Ахметов атындағы жоғарғы колледждің студенті Тілеуберді Қарақат пен Қ.Бекқожин атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Серік Кәусар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Конференция барысында Ә.Марғұлан университеті дайындаған «Шалқар шабыт» атты бейнекөрсетілім көрсетіліп, қатысушыларға ақынның өмірі мен шығармашылық жолына қатысты құнды ақпараттар ұсынылды.