Аймағамбетов: Павлодарда сабақты 30 минутқа дейін қысқарту хаос туғызады
Мәжіліс депутаты қала мектептерінде сабақ уақытын қысқарту туралы өз ойын білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Экс-министр өз telegram-парақшасында мәлімдегендей, өңірлер бойынша мектеп сабақтары үшін әр түрлі уақыт шеңбері және әкімдікке ыңғайлы кез келген жағдайда қашықтықтан оқытуға көшу оқу процесін ұйымдастыруда хаос туғызады.
– Павлодар облысының басшылығы сабақты 30 минутқа дейін қысқартпағаны қуантады. Өйткені, осы қисынды ұстанатын болсақ, жаңа мектептер салудан бас тартып, төрт ауысымда оқытуға сабырмен көшіп, жүздеген миллиард теңге үнемдеуге болар еді. Шындығына келгенде, Павлодарда сабақты 30-40 минутқа дейін қысқарту сұрақтар туғызады. Жергілікті билік қабылдаған шешім әр аймақ өз қалауы бойынша шешім қабылдай бастағанда елдегі білім беру жүйесіндегі бытыраңқылықты тудыруы мүмкін, – деп жазды Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде.
Сонымен қатар экс-министрдің айтуынша, оқу бағдарламасының мазмұны мен білім беру мақсаттарының көлемі өзгермесе, бұл білім сапасына және барлық оқушылар үшін тең жағдайларға теріс әсер етеді.
– Қызық парадокс: бір жағынан, бүкіл ел үшін бірыңғай уақыт белдеуі енгізілуде, бірақ екінші жағынан, әр аймақ мектептегі сабақтар қанша уақытқа созылатынын дербес шешеді, – деп қосты мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
Бұдан бұрын Павлодарда екінші ауысымда оқитын балалар 19:30-дан кешіктірмей оқуын аяқтау үшін барлық мектептерде сабақ ұзақтығы 40 минутқа дейін қысқартылғаны хабарланған болатын. Бұған дейін қаладағы әр мектепте сабақ уақыты әртүрлі болатын. Енді оқу орындарының толып жатқанын, ата-аналардың өтініш-тілектерін ескерсек, қала бір ауыз сөзге келді.