Павлодардың үздік оқушылары қаланы көгалдандыруға атсалысты
Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Экологиялық бастамаға облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, қала мектептерінің 122 үздік түлегі – «Алтын белгіге» үміткерлер мен оқу озаттары атсалысты. Акцияның мақсаты – қаланы көгалдандыру және жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Шара барысында 140-қа жуық ағаш отырғызу жоспарланған. Жоба павлодарлықтар жиі серуендейтін қолданыстағы скверді жаңартуға бағытталған. Алдағы уақытта бұл аллеяны бүкіл жағалау бойымен жалғастыру көзделіп отыр. Сондай-ақ бастама жыл сайын мектеп түлектері үшін дәстүрге айналмақ.
Аталған жоба жергілікті атқарушы органдар мен депутаттардың қолдауына ие болған.
– Жалпы 140 ағаш отырғызу жоспарланған. Бұл – павлодарлықтар серуендейтін скверді жаңарту. Алдағы уақытта түлектер жыл сайын ағаш отырғызуды жалғастырып, аллея жағалау бойымен созылады, – деді қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышева.
Аманжол Шамкенов лицейінің 11-сынып оқушысы, химия пәні бойынша қалалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы София Леонтьева бұл акцияның маңыздылығына тоқталды.
– Біз «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, ағаш отырғызуға келдік. Бірақ бұл біз үшін жай ғана отырғызу емес. Біз өз аумағымызды көркейтіп жатырмыз. Осындай шаралар жастарды біріктіріп, табиғатқа ұқыпты қарауға үйретеді, – дейді ол.
№2 мектептің 11-сынып оқушысы Аружан Сабыр да өз ойын білдірді.
– Бүгінгі кішкентай қадамдарымыз болашақта үлкен өзгерістерге әкелуі мүмкін. Бұл ағаштар – жай көшет емес, табиғатқа және туған жерге деген құрметтің белгісі, – деді оқушы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар жастарды ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіріп, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді. Отырғызылған ағаштар түлектердің туған қалаға қосқан үлесінің символына айналмақ.
Содан соң Асайын Байханов Назарбаев даңғылындағы ағаш отырғызу жұмыстарының барысын тексеруге барды. Ол өңір үшін жасыл желекті жаңарту аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қаладағы ағаштардың басым бөлігі ескірген, ал соңғы дауылдар олардың осалдығын көрсетті.
– Бүгінде үйеңкі ағаштары ерекше апатты жағдай туғызады: сырттай сау көрінгенімен, ішкі құрылымы әлсіреген, сондықтан олар сынғыш келеді, – деді облыс әкімі.
Ол сондай-ақ көптеген ағаштар 1960-1970 жылдары отырғызылғанын және қазіргі таңда «кеш кезеңдегі жасқа» жеткенін айтты. Сонымен қатар, оның сөзінше, көгалдандыру үшін ең тиімді кезең – көктем мен күз мезгілі, яғни ағаштар тыныш күйде болатын уақыт.