Павлодарда ауыл мектептеріне арналған олимпиада бастау алды
Оған шалғай аудандардағы 9-11-сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың тікелей тапсырмасы бойынша 20 қарашада алғаш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың бірінші кезеңі басталады.
Олимпиаданың мақсаты - ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілеттерін анықтау және оларға қолдау білдіру, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды табу, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануына жағдай жасау.
- Ауыл мектептеріне арналған олимпиада Қазақстанның шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балаларды анықтауға және дамытуға бағытталған. Өткізу қағидаларына сәйкес олимпиада 13 пән бойынша (жаратылыстану–математикалық бағыттағы 6 пән бойынша, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 7 пән бойынша) өткізіледі және 3 кезеңнен тұрады. Бастапқы кезеңге қатысу үшін оқушылар аuyl.daryn.kz сайтында тіркелді. Павлодар облысы бойынша 15 қарашадағы жағдай бойынша ауыл мектептеріндегі оқушыларға арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға тіркелген оқушылар саны 2313 оқушыны құрайды, - делінген хабарламада.
Олимпиада «бір компьютер – бір оқушы – бір камера» қағидаты бойынша өткізіледі. ІІ кезең (облыстық) желтоқсан айында өткізіледі. Тапсырмалар дәстүрлі олимпиадалық тапсырмалар түрінде онлайн-платформада беріледі.
Білім додасының III кезеңіне ІІ кезеңнің жеңімпаздары (нәтижелерге сәйкес, әр пән мен сынып бойынша екіден артық емес) қатысады. Жаратылыстану-математикалық бағыт пәндері бойынша 9-11 сынып оқушылары және қоғамдық-гуманитарлық бағыт пәндері бойынша 10-11 сынып оқушылары. III республикалық кезеңнің барлық қатысушылары республикалық сырттай мектепке қабылданады. Қорытындысында қатысушылардың жалпы санының 45%-нан құралатын жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Олар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен марапатталады. I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады.
Атап өтейік, олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 20 қараша күні еліміздің барлық ауыл мектептерінде бір мезгілде өткізілді.