Аққулы ауданында жоңышқаны кептіру зауытын салу жоспарлануда
Жобаның құны – 5,5 миллиард теңге, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында бірқатар жаңа және іске асырылып жатқан жобалар қаралды.
Екібастұз қаласында 2026 жылдың желтоқсан айында іске қосу жоспарланған ұсталық-бандаж кешенінің құрылыс барысы талқыланды. Цех ғимаратының дайындығы 85%, әкімшілік-тұрмыстық кешен 60% құрайды. Құрылыс жұмыстары жалғасуда, кедендік рәсімделіп, алаңға арнайы бес жабдық жеткізілді.
Асайын Байханов жобаны тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
– Бұл жоба республиканың инвестициялық жобаларының Жалпыұлттық пулына енгізілген. Біздің міндетіміз – оны табысты іске асыру бойынша барлық тапсырмаларды жедел шешу, – деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек, жаңа жобалар да ұсынылды. Олардың бірі – батареялық сортты жоғары таза марганец өндірісі. Бұған дейін инвестор Степногорск қаласында қуаттылығы жылына 22 500 тонна болатын осындай өндірісті іске қосқан. Қазіргі уақытта тәжірибе жинақтап, барлық қажетті технологиялармен қамтылған. Бүгінгі таңда «Таза Метал Технолоджис» ЖШС Ақсу қаласының өнеркәсіптік аймағында құны 80 миллиард теңге болатын жаңа өндіріс салуға дайын. Бұл өндіріс 650 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі жер қойнауын пайдалану басқармасына экология департаментімен бірлесіп, жобаның экологиялық жағын пысықтауды және осы жобаны бақылауға алуды тапсырды.
Сондай-ақ, отырыста «Гофротара» ЖШС-нің құны 8 миллиард теңге болатын қағаз және картон өндірісінің жаңа жобасы талқыланды. Мұнда жаңа 120 жұмыс орны ашылады.
Аймақ басшысы кәсіпкерлік және инновациялық-индустриялық даму басқармасына жобаны «Павлодар» АЭА қатысушысы ретінде енгізу мәселесін қарастыруды тапсырды.
Аққулы ауданында «Дәнекер» ШҚ қуаттылығы 35 000 тонна жоңышқаны кептіру және престеу бойынша жаңа зауыт құрылысының жобасын ұсынды. Жобаның құны – 5,5 миллиард теңге. Шаруашылық 2024-2025 жылдары 1 645 га суармалы жерді, 2026-2027 жылдары 295 га суармалы жерді іске қосуды жоспарлап отыр.
Облыс әкімі инвесторлардың барлық ұсыныстарын егжей-тегжейлі зерделеуді, жан-жақты қолдау көрсетуді және бюджетке түсетін салық аударымдарын ұлғайтуға, сондай-ақ, өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін жобалардың іске асырылуын бақылауға алуды тапсырды.